Бүгін еліміз бойынша Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қайтыс болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті өкімге қол қойды.
«Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды», – делінген өкім мәтінінде.
Еске салсақ, кеше Маңғыстау облысында оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Қайғылы оқиғаның себептерін анықтау үшін Премьер-министрдің өкімімен үкіметтік комиссия құрылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Бүгін жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты елімізде мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ шетелдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің ғимараттарындағы Мемлекеттік Ту төмен түсіріледі.