Жалпыұлттық аза тұту күні

Қазақстан мен Ұлыбритания экология саласындағы бірлескен жобаларды талқылады

24 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қазақстан мен Ұлыбритания экология саласындағы бірлескен жобаларды талқылады
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстан мен Ұлыбритания қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын басқару және экологиялық жобаларға инвестиция тарту бағытындағы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлихан Қуантыров Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі, Ұлыбританияның Әзербайжан және Орталық Азия бойынша сауда өкілі Лорд Джон Томас Алдердайспен кездесті.

Кездесуде қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері қаралды. Тараптар климаттың өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын тиімді басқару, ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыру және экстремалды ауа райының әсерін азайту бағыттарына ерекше назар аударды.

Қазақстан тарапы климаттық дипломатия, климаттық қаржыландыру және климаттық тәуекелдерді басқару салаларында британдық тәжірибені зерделеуге қызығушылық білдірді.

Сондай-ақ энергетикалық ауысу, климаттық қаржыландыру және көміртегі нарығын дамыту бойынша бірлескен жобаларға британдық компаниялар мен қаржы институттарын тарту мүмкіндіктері талқыланды.

Қазақстан Париж келісімінің 6-бабын іске асыру және көміртегі бірліктерін верификациялау мәселелері бойынша да ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін білдірді.

Кездесуде Қазақстанның тозған жерлерді қалпына келтіруге, қорғаныш орман белдеулерін құруға және шөлейттену, құрғақшылық пен трансшекаралық шаңды дауылдардың салдарын азайтуға бағытталған «Орталық Азияның Жасыл қалқаны» бастамасы да талқыланды.

Тараптар циркулярлық экономика мен қалдықтарды басқару саласындағы ынтымақтастықты да перспективалы бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Бұл бағытта қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізу және жеке инвестиция тарту мәселелері қарастырылды.

Биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы, соның ішінде «Алтын Дала» жобасы аясындағы ынтымақтастықтың оң тәжірибесі де аталып өтті.

Кездесу соңында тараптар Астанада қазан айында өтетін Қазақстан-Британ комиссиясының алдағы жұмысына қатысты мәселелерді талқылады. Қазақстан тарапы британдық ұйымдармен, инвесторлармен және қаржы институттарымен практикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Бұған дейін Қазақстан мен Ұлыбритания парламентаралық байланыстарды талқылағанын жаздық.