Жалпыұлттық аза тұту күні

Маңғыстауда қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көмек жинайтын ұйым анықталды

Маңғыстауда қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көмек жинайтын ұйым анықталды
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстау облысында Каспий теңізінде әскери міндетін орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қосымша материалдық көмек көрсету үшін бірыңғай оператор анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдікке қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсеткісі келетін азаматтардан, бизнес өкілдері мен ұйымдардан өтініштер түсіп жатыр. Осыған байланысты қаражат жинау процесін жүйелеп, көмек көрсетудің бірыңғай ресми тетігін қалыптастыру және алаяқтықтың алдын алу мақсатында бірыңғай оператор белгіленді.

Қорға түскен барлық қаражат тек қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларын қолдауға жұмсалады. Қаражатты пайдалану нысаналы мақсатқа сай және ашықтық қағидаттары негізінде жүзеге асырылады. Қордың қызметі мен қаражаттың қозғалысы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауында болады.

Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері 815 млн теңге көлемінде материалдық көмек жинаған.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсеткісі келетін азаматтар, бизнес өкілдері мен ұйымдар қаражатты төмендегі ресми реквизиттер арқылы аудара алады.

Ресми реквизиттер:

Алушы: «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігі
БСН: 090140013447
Банк: «Alatau City Bank» АҚ
БСК: TSESKZKA
ЖСК: KZ03998PTB0000488655
Валюта: KZT

Әкімдік азаматтарды алаяқтықтан сақ болуға және қаражатты жеке банк карталарына, жеке тұлғалардың шоттарына немесе белгісіз реквизиттерге аудармауға шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстауда әскери қызметшілердің қазасына қатысты күдікті лауазымды тұлғалар анықталған болатын.