Header Banner

Тоқаев: Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді

Бүгін, 12:15
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тоқаев: Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейетінін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес.

Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау бұл – азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек.

Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық.

Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат.

Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатыр. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейді», - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс тауып жатқанын жеткізді.

«Ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті.

Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты.

Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.