Жалпыұлттық аза тұту күні

Астанадан Петропавлға есірткі тасымалдаған шетелдік ұсталды

24 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Астанадан Петропавлға есірткі тасымалдаған шетелдік ұсталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Астанадан Петропавлға аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткі жеткізуге әрекет жасаған көрші елдің 25 жастағы азаматын ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті Петропавл аумағында қолға түскен. Тінту кезінде оның сөмкесінен 250 грамм синтетикалық есірткі – α-PvP тәркіленді.

Тергеу мәліметінше, шетелдік азамат Қазақстанда заңды негізде жұмыс істеген. Ол құрылыс саласында еңбек етіп, самса пісірген. Алайда полицияның мәліметінше, ұсталғанға дейін шамамен бір апта бұрын психотроптық заттарды сататын интернет-дүкенге «жұмысқа орналасқан».

Күдіктінің айтуынша, ол есірткі партиясын Астанадағы жасырын орыннан алып, Петропавлға жеткізген. Мұнда затты бөліп орап, арнайы жасырын орындарға жасыру арқылы таратуды жоспарлаған.

Қазір күдікті қамауда отыр. Аса ірі мөлшерде есірткі өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына басқа өңірлерден есірткі жеткізудің 30 арнасының жолы кесілген. Осы кезеңде облыста есірткіге қатысты 225 құқық бұзушылық тіркелсе, оның 99-ы есірткі өткізу фактісі болған.

Полицияның хабарлауынша, интернет-дүкендер арқылы есірткіні байланыссыз таратуға тартылған адамдардың көпшілігі бұл қылмыстық схемада екі айға да жетпей ұсталады. Артынша оларды тергеу, сот және ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.

Тәртіп сақшылары азаматтарды «жеңіл ақшаға» қызықпай, мұндай ұсыныстардан бас тартуға шақырады.

Бұған дейін Астанада «Антивандал» акциясы өткенін жаздық.