Ақмола облысында бір тәулікте 35 гектар аумақта құрғақ шөп жанды
Өткен тәулікте Жарқайың, Аршалы, Ақкөл, Бурабай, Егіндікөл және Бұланды аудандарында, сондай-ақ Степногорск қаласында құрғақ шөптің жануы тіркелді. Жалын шарпыған жалпы аумақ 35 гектарды құрады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Барлық өрт ошақтары жедел түрде сөндірілді. Өртті сөндіруге Ақмола облысы ТЖД күштері, жергілікті атқарушы органдар, Константиновка және Қарабұлақ ауылдарының «Ауыл құтқарушылары», «Степногорское ОШБ» КММ, «Қазавиаспас» және «Бурабай» МҰТП күштері жұмылдырылды.

«Өрттердің алдын ала себептері: шөп шабу жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы және халықтың отпен абайсыз жұмыс істеуі», - делінген хабарламада.

ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарлау қажет.