ДСМ томотерапияның қолжетімділігіне қатысты мәселені түсіндірді
Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында томотерапияның қолжетімділігі мәселесі ара-тұра көтеріліп келеді. Пациенттер мен олардың жақындарының алаңдаушылығын түсінеміз, сондықтан бұл мәселеге нақты түсініктеме беру маңызды. Денсаулық сақтау министрлігі осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ведомствоның түсіндіруінше, томотерапия – емдеудің жеке түрі емес, қазіргі заманғы қашықтан сәулелік терапия әдісінің бірі. Соңғы жылдары технологиялар айтарлықтай дамыды. Емдеу туралы шешімді жабдықтың атауына қарай емес, халықаралық клиникалық ұсынымдарды, ісіктің орналасуын, аурудың сатысын және пациенттің жеке ерекшеліктерін ескере отырып, дәрігерлер командасы қабылдайды.
«Томотерапия ешқайда жоғалған жоқ. Технологиялар мен жабдықтардың мүмкіндіктері өзгерді. Қазіргі заманғы сызықтық үдеткіштер жоғары дәлдіктегі сәулелік терапияның барлық дерлік спектрін жүргізуге мүмкіндік береді, ал бірқатар клиникалық міндеттер бойынша олардың мүмкіндіктері одан да кең. Пациент үшін аппараттың атауы емес, дұрыс таңдалған емдеу тактикасы, сапалы жоспарлау және мамандар командасының кәсіби біліктілігі басты мәнге ие», – деп атап өтті Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Радиациялық онкология орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Виктор Ким.
Бүгінде Қазақстанда медициналық көрсетілімдер бойынша сәулелік терапияны қажет ететін барлық пациент, соның ішінде балалар да тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін алады.
Қазіргі уақытта еліміздің барлық дерлік өңірлерінде заманауи сызықтық үдеткіштер орнатылған. Қарағанды және Семей қалаларында екі-екіден қуатты аппарат жұмыс істейді. Астана қаласында Ұлттық ғылыми онкология орталығында төрт аппарат, ал қалалық онкологиялық орталықта тағы екі аппарат бар.
Соңғы екі жылда Қазақстанда онкологиялық пациенттерді сәулелік терапиямен қамту көрсеткіші 60%-ға жуықтады. Бұл дамыған Еуропа елдерінің көрсеткіштерімен шамалас деңгей.
«Біз әрбір пациенттің тиімді әрі қауіпсіз емді уақтылы алуын қамтамасыз ету үшін онкологиялық қызметті одан әрі дамытуды, жабдықтарды жаңартуды және заманауи технологияларды енгізуді жалғастырамыз», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрлігі резидентураға қабылдаудың жаңа жүйесін түсіндірді.