Үкімет басшысы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өткізді
Премьер-министр Олжас Бектенов конституциялық реформа аясында және Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында қойған міндеттеріне сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет басшысы жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мемлекеттің негізгі қағидаты ретінде адамға бағдарланған саясаттың бекітілгенін атап өтті. Бұл қабылданатын барлық шешім ең алдымен азаматтар үшін нақты нәтижеге бағытталуы тиіс екенін білдіреді.
Мемлекет басшысы айқындаған басым міндеттердің бірі – әлеуметтік саланы, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру қажет.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында ұлт денсаулығына бөлінетін қаражаттың жымқырылуын басты мәселе ретінде атап өтті. Ұлт саулығына бағытталған қаржының жымқырылуы – мүлдем ақылға сыймайтын жағдай. Осыған байланысты бірқатар жүйелі шешімдер қабылданды. Қор Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Бұл қолданыстағы олқылықтарды жоюға, жалған есептер мен құжаттарды бұрмалаудың алдын алуға және қатаң қаржылық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бюджеттен бөлінетін әр теңгенің арнайы медициналық қызмет, дәрілік зат немесе медициналық құрылғы түрінде нақты азаматқа дейін жетуі алдағы жұмыстың негізгі қағидаты болуы тиіс. Барлық шығын толық ашық әрі олардың өз цифрлық ізі болуы қажет. Онсыз біз денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді қамтамасыз ете алмаймыз. Қорды трансформациялау нәтижесінде тиімсіз шығындарды, ең алдымен дәрілік заттарды сатып алу саласында қысқарту; бюджеттік жоспарлауды неғұрлым дәлірек жүргізу және демографиялық өзгерістерді ескеру арқылы дәрі-дәрмек жеткізудегі іркілістер мәселесін шешу; процестерді автоматтандыруға көшу арқылы Қор құрылымын оңтайландыру сияқты мақсаттарға қол жеткізілуі тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Қор Қаржы министрлігінің қарамағына берілген күннен бері атқарылған жұмыстар барысы қаралып, МӘМС жүйесін трансформациялаудың жаңа тәсілдері талқыланды.
Премьер-министрге қаржы министрі Мәди Такиев қабылданып жатқан институционалды шаралар туралы баяндады. МӘМС жүйесі шеңберінде жыл сайын шамамен 3,4 трлн теңге қайта бөлінеді. Қаржы министрлігі қаражатты басқаруды оңтайландыруға және оның тиімділігін арттыруға, ерікті медициналық сақтандыру көлемін «көлеңкеден» шығаруға, халыққа медициналық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да бірқатар заңға түзетулер әзірледі.