Ұзақ уақыттан кейінгі жөндеу: Байқоңыр ауданында жаңартылған аулалар ашылды

Бүгін, 20:30
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ұзақ уақыттан кейінгі жөндеу: Байқоңыр ауданында жаңартылған аулалар ашылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астананың «Байқоңыр» ауданында 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай кешенді түрде абаттандырылған кезекті аулалар салтанатты түрде ашылды. Жаңартылған аумақтар тұрғындардың пайдалануына берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап. 

Жұмыс Отырар көшесіндегі 7, 9 және 11-үйлердің аулаларында жүргізілді. Мұнда ауқымды жаңарту жүргізілді: 8000 шаршы метрден астам аумаққа асфальт төселіп, 4000 шаршы метрден астам жерде төсемтас жаңартылды.

Балалар мен белсенді демалысқа ерекше көңіл бөлінді. Аулаларда төрт жаңа ойын алаңы орнатылып, спорттық және workout аймақтары жабдықталды.

Айта кету керек, бұл аулалардағы балалар ойын алаңдары соңғы рет 2019 жылы жаңартылса, төсемтас 2003 жылдан бері ауыстырылмаған. Қазіргі таңда бұл үйлерде 300-ден астам бала тұрады. Жаңартылған аулалар олар үшін ойын мен демалысқа арналған көптен күткен кеңістікке айналды.

Жалпы, 2026 жылы «Байқоңыр» ауданында 70 ауланы абаттандыру жоспарланған. 

Оның ішінде 20 аула толық жаңғыртудан өтсе, тағы 50 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі.

Еске салайық, осы аудандағы алғашқы үш жаңартылған аула 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ашылған болатын.