Жылу маусымына дайындық: өңірлерге нақты мерзімдер қойылды

Бүгін, 11:53
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жылу маусымына дайындық: өңірлерге нақты мерзімдер қойылды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жылумен қамтамасыз ету нысандарын алдағы жылу беру маусымына уақтылы дайындау қажеттігіне назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өңір әкімдіктері екі апта мерзімде барлық конкурстық рәсімдерді өткізіп, жөндеу жұмыстарына нақты кірісуі қажет. Ешқандай басы артық бюрократия болмауы керек. Жылумен қамтамасыз ету нысандарын жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңынан кешіктірмей аяқтау қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру және денсаулық сақтау нысандарының толығымен дайын болуын қамтамасыз етсін», - деді Олжас Бектенов.

Жылу беру маусымына дайындық аймақтардың климаттық ерекшеліктерін ескере отырып және белгіленген мерзімде жүргізілуі керек.

«Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін толық әзір болуы тиіс. Әкімдерге жылу нысандарына тұрақты негізде барып, жағдайды жеке бақылауға алуды тапсырамын», - деп атап өтті Премьер-министр.

Еске салсақ, Олжас Бектенов ұлттық жоба аясында энергетикалық инфрақұрылым жаңғыртылып жатқанын айтты