Елордалық курсанттарға әскери мақсатта қолданылған сирек музыкалық аспаптар көрсетілді
Астанада Отан қорғаушылар күніне орай Өнер музейі базасында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж курсанттарына танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында оларға сирек кездесетін ұлттық музыкалық аспаптар туралы мәлімет айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Курсанттарға қайта қалпына келтірілген және сирек музыкалық аспаптардың түпнұсқасы қойылған көрме көрсетілді. Оның ішінде әскери жорықтарда қолданылған «жорықтық» аспаптар да бар.
Қонақтарға олардың әуені тыңдатылып, музыканың әскери әрекеттер мен салт-жоралғыларда қалай пайдаланылғаны түсіндірілді.
Көрменің негізгі экспонаттарының бірі – керней. Бұл ежелгі үрмелі аспап түркі халықтары арасында кең таралған.

Ежелде керней тек музыкалық құрал ғана емес, сонымен қатар белгі беру қызметін атқарған: оның көмегімен әскери бұйрықтар жеткізіліп, сарбаздар жиналған, сондай-ақ хандар мен қолбасшыларды қарсы алу, бәйгелер мен шерулер сияқты салтанатты рәсімдер сүйемелденген.
Іс-шара аясында көне аспаптарда музыкалық шығармалар орындалып, курсанттарға олардың шығу тегі, қолданылу ерекшеліктері мен мәдени рөлі туралы айтылды.
Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер болашақ әскери қызметшілердің патриоттық рухын нығайтуға және тарихи-мәдени танымын кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар әскери дәстүр мен мәдени мұраның байланысын көрсетіп, жастардың ел тарихы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастырады.