Астанадағы Grand Slam: Кімдер фаворит, Қазақстаннан не күтеміз
Алдағы 8-10 мамыр күндері Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында төртінші мәрте Qazaqstan Barysy Grand Slam бәсекесі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Биылғы жарысқа әлемнің 38 елінен 308 спортшы (179 ер, 129 әйел) қатысады. Қатысушы елдер саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда аз болғанымен, турнирде әлемдік деңгейдегі мықты балуандар бақ сынамақ.
Олардың қатарында:
Рафаэла Силва (Бразилия) және Фабио Базиле (Италия) — Рио-2016 чемпиондары;
Барбара Матич (Хорватия) — Париж-2024 чемпионы;
Ян Юн-Вэй (Тайбэй) — Токио-2020 күміс жүлдегері;
Уилльян Лима (Бразилия) және Мириам Буткерейт (Германия) — Париж-2024 күміс жүлдегерлері;
Адиль Османов (Молдова) — Париж-2024 қола жүлдегері;
Джессика Климкейт (Канада), Санне ван Дейке (Нидерланд), Катрин Бошмен-Пинар (Канада) — Токио-2020 қола жүлдегерлері.
Бұған дейінгі көрсеткіштеріміз:
2023 жыл — 1 алтын, 1 күміс, 5 қола (42 ел)
2024 жыл — 1 алтын, 3 қола (84 ел)
2025 жыл — 3 күміс, 6 қола (44 ел)
Кімдер жүлде алған?
Қазақстан өз жеріндегі турнирден 2 алтын, 4 күміс, 14 қола медаль еншілеген. Олардың арасынан Мағжан Шамшадин (60 келі, 2023 жыл) мен Ғалия Тыңбаева (48 келі, 2024 жыл) чемпион атанды. Ал Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 2024 жылы қола жүлде еншілесе, аруларымыздың арасында жетістігі жоғары Әбиба Әбужақынова түрлі себептермен бәсекеге қатыса алмай келеді.
Неше дебютант бар?
Қазақстан құрамасы сапынан 14 салмақта 53 отандасымыз жүлдеге таласады. Олардың арасынан жасөспірімдер арасында жазғы Азия ойындарының чемпионы Фәтима Сұпығалиева (52 келі), жастар арасында Азия чемпионы Іңкәр Құралбай (48 келі), Карина Қаракенова (57 келі) дебют жасамақ.
Кімдер фаворит?
Ұлттық құраманың бапкер-кеңесшісі Роберт Мшвидобадзе елорда төріндегі жарыста жүлде санына байланысты ешқандай міндеттеме қоймайтынын және турнир жазғы Азия ойындары мен Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықтың бір бөлігі ретінде қарастыратынын айтты.
Қазақ жерінде Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, былтырғы Grand Slam-ның финалисі Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) алтын жүлде алуға тырысса, Тбилисидегі «Үлкен дулығаның» жеңімпазы Нұрқанат Серікбаев (66 келі) та басты фавориттердің қатарына кіреді. Басты қарсыластары Рамазан Абдулаев (Ресей), Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері Уилльян Лима (Бразилия) саналады.
60 келіде Мағжан Шамшадин, Талғат Орынбасар, Шерзод Давлатовтан көпшілік үміт күтетіні анық. Олардың басты қарсыластары ретінде Ян Юн-Вэй (Тайбэй) мен Душанбедегі Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері Артем Лесюк (Украина) болуы ықтимал. Марат Байкамуров (100 келі), Ақерке Рамазанова (+78 келі) да өз салмағында мықтылардың қатарына кіреді.
IJF талаптарына сәйкес, жеңімпаздарға – 1000, екінші орынға – 700, үшінші орынға – 500 рейтингтік ұпай беріледі.
Еске сала кетсек, 15-17 мамыр аралығында Астанада Silk Way Series Astana халықаралық жарысы өтеді.