Ербол Жолданғар: Әрбір азамат сапалы мемлекеттік кызмет алуға құқылы

Ербол Жолданғар: Әрбір азамат сапалы мемлекеттік кызмет алуға құқылы
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты Elordainfo.kz тілшісіне сұхбат берді.

- Ербол Қабдығалиұлы адам өмірінде мемлекеттік қызметтер қандай орын алады?

- Туу туралы куәлік алудан бастап, баланы балабақшаға немесе мектепке орналастыру, емханаға тіркелу, жәрдемақы рәсімдеу, анықтама алу, жылжымайтын мүлікті тіркеу сияқты және басқа да өмірлік маңызды қызметтердің барлығы осы салаға жатады. Яғни әр адам өмір бойы мемлекеттік қызметтермен үнемі бетпе-бет келеді.

- Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі қалай реттеледі?

- Әрбір мемлекеттік қызмет заңнамада бекітілген нақты қағидалар мен мерзімдерге сәйкес көрсетілуі тиіс. Алайда тәжірибеде белгіленген талаптардың сақталмауы салдарынан қызмет алушылардың құқықтары бұзылуы мүмкін.

- Көбіне қандай кемшіліктер кездеседі?

- Ең жиі кездесетіні қызметті белгіленген мерзімде көрсетпеу немесе тәртібін бұзу, негізсіз қызмет көрсетуден бас тарту, қызмет көрсету сапасының төмендігі. Оның ішінде толық ақпарат бермеу, әдеп нормасын сақтамау, шағымдарды қарамау да бар.

- Осыған қатысты азаматтар қалай шағымдана алады?

- Заңнамада азаматтарға құқықтарын қорғаудың бірнеше тетігін ұсынады. Қызмет көрсетушінің өзіне жүгінуден бастап уәкілетті органға дейін шағым беруге болады. Сотқа дейінгі шағымдану тәртібі құқықтарды жедел қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

- Сіз басқаратын департамент бұл бағытта қандай жұмыс жүргізеді?

- Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау аясында келіп түскен шағымдарды қарап, азаматтардың құқықтарын қалпына келтіруге ерекше көңіл бөледі. Уәкілетті органның дер кезінде араласуы мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырып, құқықтарды тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

- Құқықтарды қалпына келтіру бойынша нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

- Иә, мәселен ең алдымен мұғалімдердің еңбек құқығын қорғауға тоқталайық. Мысалы қызмет алушы Ж.-ның шағымына қарап көррелік. Ол «Мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы бос немесе уақытша бос лауазымға орналасуға конкурсқа қатысу үшін педагогтердің құжаттарын қабылдау» мемлекеттік қызметін алу үшін құжаттарды қабылдаудан бас тарту, тиісінше конкурстарға қатысудан шеттету жөнінде мектеп әкімшілігі қызметкерлерінің әрекетіне қатысты шағымданды. Тексеру нәтижесінде, мектеп әкімшілігі мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнама талаптарын сақтамағаны, яғни негізсіз бас тартқаны анықталып, бұл іске жауапты болған мектеп қызметкері өзінің функционалдық міндетін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді.

Сондай-ақ, алдағы уақытта осындай жағдай қайталанбауы үшін мектеп әкімшілігіне заңнама талаптарын қатаң сақтау жөнінде ұсыныс берілді.

Екінші мысал, медициналық ұйымға тіркеуден заңсыз бас тарту бойынша құқығын қалпына келтіру жөнінде. Қызмет алушы А. электронды үкімет порталы арқылы тұрғылықты жері бойынша тіркелу үшін медициналық ұйымға өтініш жолдаған, алайда емхана қызметкерлері хабарласып, үйіне келіп тексерген соң ғана тіркейтінін айтқан және медицина қызметкері тексеру жүргізу кезінде қызмет алушының үйінде болмағандықтан тіркеуден бас тартқандығын баяндайды.

Департамент шағым бойынша тексеру жүргізіп, анықталған бұзушылықты жою туралы ұсынысы негізінде аталмыш азамат медициналық ұйымға тіркелді. Ал емхананың жауапты қызметкерінің тәртіптік жауапкершілігі қарастырылды.

Үшінші мысал кәсіпкерге рұқсат құжатын беру кезінде құқықтарын қалпына келтіру жөнінде. Астаналық құрылыс компаниясының шағымданды. Компания қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы рұқсат құжатын, яғни мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартуына келіспеген. Шағымды қарау нәтижесінде, департаменттің ұсынысы бойынша қызмет алушыға рұқсат құжаты берілдіп, уәкілетті органның лауазымды тұлғасы рұқсат беруден негізсіз бас тартқаны үшін заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мемлекеттік қызметті уақытылы көрсетпеуге қатысты бір мысал бар. Дәнді дақылдар өндірісі саласында айналысатын жеке кәсіпкердің «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» мемлекеттік қызмет нәтижесін бермеу фактісі бойынша шағымы қаралды. Тексеру нәтижесінде департаменттің ұсынысы негізінде қызмет алушыға құжат беріліп, бұл кемшілікке жол берген жауапты қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

- Сіздердің атқарған жұмыстарыңыздан қандай қорытынды шығаруға болады?

- Талдау көрсеткендей, шағымдардың басым бөлігі қызмет көрсету мерзімінің сақталмауына, негізсіз бас тартуға және заңнаманы дұрыс қолданбауға байланысты. Департаменттің жедел әрекеті кемшіліктерді уақтылы жоюға, тәртіпті күшейтуге және процестердің ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ, сотқа дейінгі шағымдану тетігінің тиімділігі дәлелденіп отыр. Негізді шағымдар бойынша азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді.

- Сөз соңында не айтасыз?

- Қызмет алушылардың құқығын калпына келтіру – бұл тек мемлекеттің міндеті ғана емес, азаматтар мен жүйе арасындағы сенімнің негізі. Әрбір азамат сапалы мемлекеттік кызмет алуға құқылы және осы құқықтарының орындалуына кол жеткізе алады.

Егер мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқығыңыз бұзылған жағдайда Сарыарқа даңғылы 13-ші мекенжайдағы орналасқан біздің департаментке келіп жазбаша шағым бере аласыз. Ал электронды өтінішті «Электрондық үкімет» порталы немесе «Е-Otinish» бірыңғай платформасы және «EgovKzBot2.0» Telegram боты арқылы жіберуге мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ, департаменттің әлеуметтік желідегі парақшалары халыққа әрдайым ашық. Онда қойылған кез келген сұраққа жауап беруге дайынбыз.

- Ербол Қабдығалиұлы, сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін! Мемлекеттік қызмет, расымен де мәртебелі міндет. Үлкен жауапкершілік пен тәртіпті талап етеді. Сізге елге қызмет ету жолында тек сәттілік тілеймін!