Астанада көктемгі шақырылымдағы алғашқы сарбаздар әскерге аттанды
Астанада көктемгі әскерге шақыру науқаны басталып, алғашқы сарбаздар әскери қызметке аттанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бірінші лекпен көктемгі шақырылымның алғашқы тобы - 25 азамат әскерге аттанды.
Шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады. Осы кезеңде Астанадан 1400-ден астам жас жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіледі. Олардың 788-і Қарулы Күштерге, 450-і Ұлттық ұланға, 120-сы Шекара қызметіне, 30-ы Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 25-і Мемлекеттік күзет қызметіне бағытталады. Жалпы республика бойынша көктемгі науқанда 21 мыңнан астам азаматты әскерге шақыру жоспарланған.

Соңғы жылдары Елордадан әскерге шақырылатындар саны артып келеді. Мәселен, 2024 жылдың көктемінде 1 165 азамат шақырылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 207-ге жеткен. Ал биыл бұл сан 1400-ден асады деп күтілуде.
Астана қаласының Қорғаныс істері департаментінің бастығы Руслан Балтеміровтың айтуынша, әскери қызмет – әр азаматтың қасиетті борышы. Ол сарбаздарды өз міндетін адал атқаруға шақырып, әскери қызметтің болашақта білім мен мансапты жалғастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар, биылдан бастап әскерге шақыру тәртібіне өзгерістер енгізілген. Енді шақырту хабарламалары электронды түрде, яғни 1414 нөмірінен SMS арқылы жіберіледі. Егер мұндай мүмкіндік болмаса, қағаз түріндегі шақырту жұмыс орны немесе туыстары арқылы табысталады.

Әскери-патриоттық іс-шараға қала әкімдігі, Шекара қызметі өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері мен офицерлері, мектеп оқушылары, «Жас сарбаз» клубтарының тәрбиеленушілері және әскерге шақырылушылардың ата-аналары қатысты.
Еске салайық, Қазақстанның Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінде міндеттерді пысықтады.