Астанада Жаңару күні туған сәбилерге ерекше сыйлық берілді

19 наурыз, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада Жаңару күні туған сәбилерге ерекше сыйлық берілді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада «Наурызнама» онкүндігі аясында атап өтілетін Жаңару күніне орай ерекше шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Есіл ауданындағы №2 көпсалалы қалалық ауруханада жаңа туған сәбилер мен олардың ата-аналарына арнайы сыйлықтар табысталды.

Бұл бастама отбасы құндылықтарын дәріптеумен қатар, экологиялық мәдениетті өмірдің алғашқы сәтінен бастап қалыптастыруды көздейді. Іс-шара кезінде ата-аналарға құттықтау хаттары беріліп, онда QR-код арқылы сәбидің дүниеге келуіне байланысты отырғызылатын атаулы ағаштың нақты орналасқан жері көрсетілген.

Есіл ауданының әкімі Дарменияр Қыдырбекұлының айтуынша, бұл жоба әрбір отбасының табиғатқа қамқорлық танытып, болашақ ұрпақ үшін маңызды қадам жасауына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, мереке аясында жаңа туған нәрестелерге «цифрлық бесік» деп аталатын заманауи сыйлықтар да ұсынылды.

«Жаңа өмір – жаңа ағаш» атты бастама сәбидің дүниеге келуі мен елдің дамуы арасындағы байланысты айқындап, ұрпақтар сабақтастығы мен қоршаған ортаға жауапкершілікті арттыруға бағытталған символикалық жобаға айналды.

Айта кетейік, бүгін елімізде Наурызнама онкүндігінің айтулы кезеңі Жаңару күні аталып өтуде.