Астанада инклюзивті асық атудан турнир өтеді
Астанада «Наурызнаманың» онкүндігі аясында Инклюзивті спорт орталығында Наурыз мейрамы ерекше форматта өтеді. Биылғы іс-шарада қазақтың ұлттық дәстүрлері инклюзия және заманауи спорт тұрғысынан жаңаша ұсынылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан бочча федерациясы мен Sport Culture қоғамдық бірлестігі бірлесіп, мәдени-спорттық іс-шара өткізеді.
Оның басты оқиғасы – ерекше қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен өтетін инклюзивті асық ату турнирі.
Турнирдің басты ерекшелігі – ірі асықтарды пайдалану. Олар мүмкіндігі шектеулі балаларға ыңғайлы болу үшін арнайы бейімделген. Жарыс басталар алдында қатысушылар асықтарды өздері бояп, оларды жеке ойын талисмандарына айналдырады.
Турнирден бөлек, қонақтарды мазмұнды бағдарлама күтеді: мерекелік дастарқан, халықтық ансамбльдің өнер көрсетуі, дәстүрлі ұлттық ойындар және басқа да белсенділіктер.
Іс-шара 20 наурыз сағат 11:00-де Хусейн бен Талал және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан Инклюзивті спорт орталығында өтеді.
Еске сала кетейік, елордада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Ұлттық спорт күніне орай тоғызқұмалақтан турнир өтті.