Көкшетауда мердігер ұйым абаттандыру нысандарына бөлінген 160 млн теңгені жымқырған

Көкшетауда мердігер ұйым абаттандыру нысандарына бөлінген 160 млн теңгені жымқырған
ҚМА видеосының скрині

Көкшетауда мердігер ұйым орындалмаған жұмыстар үшін жалған актілер арқылы бюджет қаражатын алған. Осылайша мемлекетке 160 млн теңгеден астам шығын келтірілген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Ақмола облысы бойынша департаменті Көкшетау қаласында инженерлік желілер мен абаттандыру нысандарын салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. 

2020 жылы Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі мен мердігер ұйымдар - «TAU PROJEKT» ЖШС және «СЭМ-СтройЭнергоМонтаж» ЖШС арасында жобалық-сметалық құжаттама бойынша құрылыс-монтаж жұмысын орындау және оны техникалық қадағалау жөнінде келісімшарт жасалған.

«Алайда мердігер компаниялардың бенефициары орындалған жұмыс көлемін әдейі арттыру схемасын ұйымдастырған. Қабылдау актілеріне іс жүзінде орындалмаған немесе толық орындалмаған жұмыс туралы жалған мәліметтер енгізген. Соның салдарынан су бұру жүйесінің негізін дайындау, арық блоктарын орнату, кәріз-сорғы станциясын жеткізу және монтаждау жұмыстары нақты орындалмаған», - делінген хабарламада.

Ал Құрылыс бөлімінің басшысы орындалған жұмыс көлемі жобалық шешімдерге сәйкес келмейтінін біле тұра, жалған актілерге қол қойған. Талап бойынша қаржыландыруды тоқтату және шарттарды бұзуды қолға алмаған. Қол қойылған құжаттарға сәйкес мердігер ұйымдарға бюджет қаражаты аударылып, кейін оларды заңдастыру мақсатында қаражат «MAZHERUS» ЖШС және «Tamila Invest» ЖШС арқылы қайта бөлінген.

Мемлекетке келтірілген залал 160 млн теңгеден асты.  Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде 10 автокөлікке, 3 жер учаскесіне және бір пәтерге тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты қамауға алу және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылды. Тергеу әлі аяқталмаған. 

Еске салсақ, Оралда комиссиялық дүкен заңсыз жолмен 128 млн теңге табыс тапқан.