Полковник Эра Мұхамеджанова: Ел тыныштығына қызмет еткен 30 жыл
Астана тұрғыны, полковник Эра Мұхамеджанова - Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы ақпараттық-баспа бөлімінің көшіріп-көбейту бөлімшесінің бастығы. Құқық қорғау саласында табанды еңбек етіп келе жатқанына биыл тура 30 жыл толып отыр. Elordainfo.kz тілшісі Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрген жанмен тілдесіп, өмір жолы туралы сұрап білген еді.
Эра Мұхамеджанқызы 1972 жылдың 28 ақпанында Алматы облысы Кеген ауданы Көлбастау ауылында дүниеге келген. Бала кезінен-ақ алғыр, шапшаң, белсенді болып өскен. Мектепті алтын медальмен тәмамдағанымен, көбіне ұл балалармен бірге ойнап, «атыспақ» сияқты ойындарға әуес болған. Бәлкім, сол бала күнгі қызығушылық оның болашақта құқық қорғау саласын таңдауына әсер еткен шығар. Оның үстіне бала кезінде әскери киім үлгісі ерекше ұнайтын.
«Алғашқы алған жоғары білімім Алматыдағы Қазақ педагогикалық университетінде «физика және информатика мұғалімі» мамандығы болды. Кейін білімімді жалғастырып, Қазақ академиялық университетінен «заңгер» мамандығы бойынша диплом алдым. Еңбек жолын 1994 жылы Кеген ауданындағы жұмыспен қамту орталығында автоматтандыру саласынан бастадым. Бұл уақыт еліміз үшін қиын кезең еді. Себебі Кеңес одағы ыдырап, еліміз тәуелсіздігін жаңа алған, әлі еңсесін тіктей қоймаған уақыт. Көптеген мұғалімдер мен дәрігерлер айлықтың аздығы, уақытылы алмауына байланысты қызметін тастап жатқан шақ болатын. Осы жағдайды ескеріп, екінші мамандығым бойынша құқық қорғау саласына бет бұрдым. Яғни 1996 жылы Алматы қалалық Ішкі істер департаменті Криминалдық полиция басқармасының компьютерлік орталығына дербес компьютер операторы болып жұмысқа орналастым. Сол қызметімде алғашқы лейтенант шенін алдым», - дейді Эра Мұхамеджанқызы.
Кейін ол 1997 жылы ҚР Мемлекеттік тергеу комитетіне жедел уәкіл болып тағайындалып, 2009 жылға дейін осы қызметте еңбек етті. Бұл кезең оның өміріндегі ең жауапты әрі күрделі жылдар болды. Ұжымда 43 ер адамның ішінде жалғыз әйел болды.
«Жұмысымның негізгі бағыты – іздеуде жүрген қылмыскерлерді табу, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды, сондай-ақ тұлғасы белгісіз мәйіттерді анықтау. Әрбір оқиға – бір тағдыр, әрбір іс – үлкен жауапкершілік. Кейде із-түссіз жоғалды деген адамның ісін тергей келе, арызданушының өзі күдікті болып шығатын жағдайлар да кездесетін. Ал кейде жақындары мәйітті танудан бас тартып, ауыр психологиялық сәттер орын алатын. Мұндай жағдайда сараптамалық дәлелдер арқылы шындықты анықтау қажет болады. Осындай күрделі істердің бірінде іздестіру барысында бір адамның екі ауыр қылмыс жасағаны анықталып, іздестіру-тергеу тобының жеті мүшесі марапатталды. Оның қатарында мен де «Құқық қорғау саласының үздігі» төсбелгісімен наградталған едім», - деп еске алады Эра Мұхамеджанқызы.

Бұл жылдары оның өмірлік серігі Қанат Төлеңгітов әрдайым жанынан табылып, үлкен қолдау көрсетті. Қанат Файзрахманұлы — полковник, Қазақстан педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, доцент, профессор, сондай-ақ Қазақстан және Ресей әскери ғылым академияларының корреспондент мүшесі. Ол Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Жауынгерлік дайындық басқармасында оқу және ғылыми жұмыстар бөлімін басқарды. Әскери ғылымды әскер саласында дамытуға үлкен үлес қосқан тұлға.
«Қиын кезеңдерде жұбайымның қолдауы мен үшін үлкен демеу болды. Қызметтің ауырлығына байланысты отбасылық өмірде де талай сынақтан өттік. Тұңғыш ұлымыз Әділет өмірге келген кезде баланы ауылдағы ата-әжесіне апаруға тура келді. Себебі, шын айтқанда, оны қарауға, балабақшаға апарып жүруге бізде уақыт болмады. Кейін Қанекеңнің қызметі ауысуына байланысты Астана қаласына қоныс аудардық. Елордада Дәулет пен Әлихан есімді ұлдарымыз өмірге келді. Ол кезде бір бөлмелі пәтерде тұрдық. Сол жылдары Қанат кандидаттық диссертациясын жазып жүрген еді. Жұбайымның ғылыми жұмысына кедергі келтірмеу үшін балалармен бірге жаздың кештерінде түн ортасына дейін далада серуендейтінбіз. Осындай өзара қолдау біздің отбасының басты құндылығы болды», - дейді Эра Мұхамеджанқызы.
Өкінішке қарай, 2013 жылы Мәскеу қаласында іссапарда жүрген кезінде өмірлік серігі Қанат Файзрахманұлы өмірден өтеді. Бұл Эра Мұхамеджанқызы үшін ауыр соққы болды.
Ол кезде балалары әлі кішкентай еді. Соған қарамастан, ол ана ретінде де, офицер ретінде де өмір жолын жалғастырып:
«Үш ұлымды тәрбиелеп өсірдім. Бүгінде үлкен ұлымыз Әділет әкесінің жолын таңдады. Ол Түркиядағы Құрлық әскерлерінің әскери академиясын тәмамдап, қазіргі таңда Қорғаныс министрлігінде капитан шенінде әскери қызмет атқарып жүр», - дейді кейіпкеріміз.

Эра Мұхамеджанқызы 2009-2016 жылдары Әскери полиция қатарында түрлі лауазымда қызмет етті. Ал 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы ақпараттық-баспа бөлімінің көшіріп-көбейту бөлімшесін басқарып келеді.
«Бұл бөлім – 65 жылдық тарихы бар үлкен ұжым. Оның қара шаңырағы – «Қалқан» газеті, онда көптеген әскери публицистер мен қаламгерлер еңбек еткен. Сонымен қатар бөлімде «Бүркіт» журналы мен «Ұлттық ұлан жаршысы» атты әдістемелік жинақ жарық көреді. Бұл басылымдардың барлығы – Ұлттық ұланның ведомстволық мерзімді басылымдары, екі тілде шығарылады. Бөлім құрамында заманауи баспахана, баспасөз қызметі және видеостудия жұмыс істейді. Мұнда кітаптар, әдістемелік құралдар, буклеттер, түрлі баспа өнімдері дайындалады. Барлық материалдардың дизайны мен эскизі де осы ұжымның өз қолымен жасалады.
Жалпы, Ұлттық ұланның негізгі міндеті — қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау. Ал ақпараттық-баспа бөлімінің миссиясы — осы жауапты міндетті атқарып жүрген сарбаздардың еңбегін насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери қызметтің беделін арттыру», - деді Эра Мұхамеджанқызы.

Бүгінгі күні Эра Мұхамеджанқызы – кәсіби шеберлігімен, табандылығымен және адамгершілік қасиеттерімен көзге түскен офицер. Қиындыққа мойымай, қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрген ол — бүгінгі қазақ әйелінің қайсар көрінісі.
Эра Мұхамеджанқызы сияқты ел тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрген осындай қайсар әйелдер – қоғамымыздың тірегі, ұрпаққа үлгі. Олардың адалдығы мен табандылығы жас буынды елжандылыққа тәрбиелеп, Отанға деген сүйіспеншілікті нығайта түседі.