Наурызнама мәдениетіміз бен дәстүрімізді жастардың санасына сіңіруге көмегін тигізеді - этнограф
Бүгін - Наурызнама онкүндігі бойынша Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күннің мән-мағынасы неде? Қалай атап өткен жөн? Жалпы, қазір ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттаудың деңгейі қандай? Этнограф Бұлбұл Кәпқызы тақырып төңірегінде Elordainfo.kz тілшісіне кеңірек айтып берді.
- Бұлбұл Кәпқызы, Наурызнама онкүндігіне Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінің енгізілуінің негізгі өзегі неде деп ойлайсыз?
- Негізі, ежелгі кезден Наурыз мейрамын тойлау бірнеше күндерге созылған ғой. Қазіргі мемлекетіміз де Наурызнаманы бірнеше күнге жалғастырып, әр күнді әртүрлі атаумен өткізіп жатқаны идеология жағынан өте мағыналы, жүйелі дүниеге айналды. Өйткені қандай да мейрам сол ұлттың болмысын, ерекшелігін, өнерін, ойын-сауығын паш етеді. Сондықтан осы күндер жастарға мейрамды насихаттауға, өз деңгейінде атап өтуге, сол арқылы халқымыздың салт-дәстүрін жалғастыруға ықпалын тигізіп отыр. Бір кезде даңғазалық көп жасайтынбыз: неге мән беріп, неден бастайтынымызды білмей жүрдік. Қазір бәрі бір жүйеге түсіп келе жатқандай.
Жалпы, өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Екеуі бір-бірінен ажырамайтын бөлшек. Егер еліміздің ерекшелігін көрсетеміз десек, өнермен ғана дараланамыз. Әйтпесе адам мен адам бірдей. Даму тарихымыз, өмір сүру деңгейіміз барлық мемлекеттермен ұқсас, шамалас. Бірақ біз мемлекетіміздің қазақ екенін немен дәлелдейміз? Біздің өнеріміз - біздің ұлттық кодымыз. Ұрпақтың өсіп-өнуіне, дамуына, Қазақ елі деген мемлекетіміздің тұғырын биік ұстап тұруға осы өнеріміз үлкен үлесін қосады. Сондықтан бұл күнді Наурызнама бағдарламасына енгізу мәдениетіміз бен ұлттық салт-дәстүрімізді жастардың санасына сіңіруге көп көмегін тигізеді.
- Сіздіңше, қазір ұлттық өнеріміз қандай деңгейде? Ұлттық мұрамыз өміршеңдігін жоймау үшін не істеу керек?
- Жалпы Қазақстанда, әсіресе қолөнердің жаңа дәуірі басталғандай. Өйткені адамдардың осы өнермен шұғылданайын деген талпынысы, құштарлығы өте керемет. Ұмытылды, өшіп қалды деп айту қиын. Бірақ бұл жерде ескерерлік жайт бар, ежелден мұра болып жалғасып келе жатқан өнердің мән-маңызын сол ата-бабамыз сияқты қолданып жүрміз бе? Мысалы, қазір ұлттық киімімізді дәріптеп жатырмыз. Бұл тұста коучтар ата-бабамыздан келе жатқан ою-өрнекті «мұны бұлай қолдануға болмайды, анау-мынау» деп күрделілендіріп жіберді. Соның салдарынан ою-өрнектің қолдану аясын шектеп жатыр. Сол сияқты кей коучтар «оюдың қасиеті, киесі бар деп» тым мистикаландырып жіберді. Ал егер бұған қадым заманнан келе жатқан үрдіспен қарайтын болсақ, ою тек қана тілдік элемент, тілдік құрал болған.
Басқа ұлттарда да біздікіне ұқсас ою бар. Бірақ ол ұлттардан біздің ерекшелегіміз неде? Біздің ерекшелігіміз сол - оюды сырмақ пен кілем бетіне салып, бүтін баспанамыз болған киіз үйдің элементтеріне, тұрмыста пайдаланатын өзге де бұйымдарымызға, киім-кешегімізге, сәулет құрылыстарына қолданамыз. Оның қолданыс аясы өте кең. Біз, қазақ халқы ою-өрнекті қайдан аламыз? Табиғаттан аламыз. Мысалы, ботагөз, түйетабан, аймүйіз, қошқармүйіз, сиырмүйіз, құсқанат, құсмұрын, құстұмсық, құстың ізі – қаншама ою табиғаттың өз көшірмесі. Сондықтан адамдардың санасын шектемей, ата-бабамыздың болмысын бұзбай, барлық дүниені қалай қолданды, солай қолдануымыз керек. Бүгінгі таңда ою-өрнекті сәндік элемент, декор ретінде пайдаланған абзалырақ. Қандай дүниеде де оның этика, эстетикасын сақтасақ, бұл - ұрпағымызға көрсеткен үлгі-өнегеміз.
- Бүгінгі таңда ұлттық өнерімізге деген жастардың қызығушылығы қандай?
- Қазақта «Ат айналып қазығын табады» деген нақыл сөз бар. Өйткені жеті жұрттың мәдениетімен таныссақ та, атаның қаны, ананың сүтімен дарыған ұлттық өнер алпыс екі тамырымызда бүлкілдеп жатыр ғой. Өзім қолөнер шебері ретінде қаншама өнерді үйретіп келемін, жастарымыздың қызығушылығы жоғары. Әсіресе, 35-40 жастан бастап қызығушылық деңгейі жоғарылайды. Жастар дамыған қоғамның қызығына қанша бой ұрса да, ұлттық код адастырмай түп тамырына қайта жетелейтіні сөзсіз. Ал ұлттық салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді насихаттап дәріптеуде Наурызнаманың атқарар жүгі орасан. Бұл бағдарлама ұлттың рухын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымыздың ерекше тұстарын жастарға үлгі ретінде көрсетуге бағдарланған. Сондай-ақ, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміз тек Наурыз күндері ғана емес, күнделікті көрініс таба бергені жөн деп ойлаймын.
- Наурыз берекелі болсын! Сұхбатыңызға рақмет!