Қазақстанда Франциямен академиялық серіктестікті дамытуға арналған «Lumières» қоры өз жұмысын бастады

Бүгін, 13:17
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстанда Франциямен академиялық серіктестікті дамытуға арналған «Lumières» қоры өз жұмысын бастады
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Maqsut Narikbayev University-де «Lumières» қорының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қатысты. Қордың ашылуы – білім беру, ғылым және қазіргі заманғы экономика талаптарына сай білікті кадрлар даярлау салаларындағы қазақ-француз ынтымақтастығын нығайтудағы маңызды қадам.

«Lumières» қоры Франция мен Қазақстан университеттері арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту мақсатында құрылған. Оның қызметі ілгерілету, қаржыландыру және бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыру сияқты үш негізгі бағытқа негізделген.

Қордың басым бағыттарының бірі – білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету. Осы мақсатта белгіленген талаптарға сәйкестікті растайтын сертификаттар беру қарастырылған. Қазіргі уақытта 17 қос диплом бағдарламасы және 40-тан астам серіктестік жоба жүзеге асырылып келеді.

Сонымен қатар бұл – академиялық ұтқырлықты дамыту маңызды бағыттардың бірі. Қор стипендиялар беру үшін, соның ішінде бакалавриат деңгейінде, қаржылық ресурстарды тартуға ықпал етеді, сондай-ақ жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосуға қолдау көрсетеді.

«Lumières» қорының қызметі екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, жастар үшін білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге және Қазақстан мен Франция арасындағы тұрақты кәсіби байланыстарды қалыптастыруға бағытталған.