Астанада жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша XIX Президенттік олимпиада қорытындыланды. Зияткерлік сайыстың қорытынды кезеңіне еліміздің барлық өңірінен 188 оқушы қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастарды қолдауға, олардың білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыруға және зияткерлік әлеуетін дамытуға ерекше мән береді. Президенттік олимпиада осы бағытта оқушылардың қабілеттерін шыңдап, ғылыми ізденіске ынталандыруға мүмкіндік береді.
Олимпиада қорытындысы бойынша 47 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде 9 оқушы алтын, 14 оқушы күміс, 24 оқушы қола медальмен марапатталды.
Салтанатты марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту вице-министрі Сергей Компаниец қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады. Ол зияткерлік сайыстардың дарынды оқушыларды қолдаудағы және олардың ғылыми әлеуетін дамытудағы маңыздылығын атап өтті.
Президенттік олимпиаданың ерекшелігі - оқушылардың математика, физика, химия және биология пәндері бойынша білімдерін бір уақытта көрсетуі. Биыл олимпиаданың алғашқы кезеңіне 3 690 оқушы қатысып, іріктеу нәтижесінде 188 үздік оқушы финалға жолдама алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгіленген тәртіпке сәйкес еліміздің жоғары оқу орындарына білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу кезінде басым құқыққа ие болады.
Президенттік олимпиада 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында қорытынды кезеңге 2 934 оқушы қатысып, барлығы 726 медаль жеңіп алынды.

