Header Banner

Астаналық оқушылар халықаралық телекөпірге қатысты

Астаналық оқушылар халықаралық телекөпірге қатысты
Фото: Астана қаласы №51 мектеп-гимназиясы

Қазақстан мен Индонезия мемлекеттері мектептерінің 10-сынып оқушылары арасында «English Connects Us: Kazakhstan – Indonesia» тақырыбында халықаралық онлайн телекөпір ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Using English to Meet the World» жобасы аясында өткен бұл кездесу Google Meet платформасы арқылы жүзеге асып, екі елдің жоғары сынып оқушыларына өзара танысуға, пікір алмасуға және мәдени байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік берді.

Кездесу барысында оқушылар ағылшын тілінде еркін қарым-қатынас жасап, өз елдерінің тарихы, ұлттық дәстүрлері, мәдениеті мен тағамдары туралы ақпаратпен бөлісті. Сонымен қатар бір-біріне қызықты сұрақтар қойып, өзара тәжірибе алмасты. Кездесу Kahoot платформасындағы интерактивті тапсырмалармен жалғасып, оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығын арттырды.

Халықаралық телекөпірді ұйымдастыруға және өткізуге Қазақстан тарапынан Астана қаласы Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Гүлнұр Қашқынбаева мен Назым Төлекова белсене атсалысты. Ал Индонезия тарапынан жобаның жүзеге асуына мұғалім Лия Мастариа Полапа жетекшілік етті. Екі ел ұстаздарының бірлескен жұмысы нәтижесінде мазмұнды әрі тағылымды халықаралық кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараға екі елдің 10-сынып оқушылары қатысып, ағылшын тілін шынайы қарым-қатынас құралы ретінде қолдану мүмкіндігіне ие болды.

Телекөпірдің басты мақсаты – оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамыту, мәдениетаралық байланысты нығайту, халықаралық достыққа жол ашу және жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейту.

Кездесу жоғары деңгейде, ерекше достық атмосферада өтіп, қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырды.