Хабарламаларға автокөлік туралы дерек қосылады: елімізде такси қауіпсіздігін бақылау күшейтіліп жатыр

Хабарламаларға автокөлік туралы дерек қосылады: елімізде такси қауіпсіздігін бақылау күшейтіліп жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

ҚР Ұлттық экономика министрлігі такси тасымалдаушылардың хабарлама беру ережесіне өзгеріс енгізді. Енді тасымалдаушы такси қызметін бастамас бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама жіберуге міндетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар жаңартылған нысанда көлік құралы ауыстырылғанда және жаңадан көлік қосылғанда, яғни автопаркті жаңарту кезінде өзгеріс енгізу мүмкіндігі қарастырылған.

Бұрынғы тәртіп бойынша тасымалдаушы белгілі бір көлік құралына байланбайтын. Бұл жол-көлік оқиғасы кезінде жолаушыларға немесе үшінші тұлғаға зиян келтірілген жағдайда жауапты адамды анықтауды қиындататын.

Осыған байланысты хабарлама нысаны көлік құралының маркасын, мемлекеттік тіркеу нөмірін және шығарылған жылын көрсететін мәліметпен толықтырылды.

Бұл шара жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне жауапты такси тасымалдаушысын жедел сәйкестендіруге, сондай-ақ нарыққа заңсыз қатысушылардың үлесін қысқартуға мүмкіндік бермек.

«Өзгерістер «Мемлекеттік органдардың хабарламалар нысандарын және хабарламаларды қабылдау қағидаларын бекіту туралы, сондай-ақ хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 қаңтардағы № 4 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрыққа енгізілді», – делінген хабарламада.

Бұған дейін инватакси қызметінің тәртібі өзгертілетінін жазған едік.