Инватакси қызметінің тәртібі өзгертіледі

Инватакси қызметінің тәртібі өзгертіледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Көлік министрлігі жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz. ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәлімдеуінше, бұл құжат мүмкіндігі шектеулі жандарға көліктің қолжетімді болуын, тасымалдау жұмысын жақсартуды және талаптарды бүгінгі заманға сай жаңартуды көздейді.

«Инватакси қызметін кімдер алатыны нақтыланады. Ол үшін арнайы тізім жасалады, онда инватаксиге құқық беретін медициналық көрсеткіштер нақты жазылады. Бұл аталған қызметті алушыны айқындауда бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

Жергілікті атқарушы органдардың инватаксимен сапар ұзақтығын айқындау жөніндегі өкілеттілігі кеңейтілмек. Бұл тәсіл халықтың қажеттілігін ескере отырып, реттеуді неғұрлым икемді жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 18 жасқа толған мүгедектігі бар адамдар жеке көмекшісін алып жүру мүмкіндігі бекітіледі.

«Сонымен қатар автомобильмен жолаушыларды тасымалдау қағидасы өзгертіледі. Қоғамдық көліктің жүктемесі жоғары болған жағдайда балалар арбасын алып жүру шарты нақтыланып, автобустардағы бағыттық көрсеткіштерді рәсімдеуге қойылатын талаптар өзектендіріледі», делінген хабарламада.

Министрлік, конкурстық рәсімдерді жетілдіру аясында тасымалдаушыларды бағалаудың қосымша өлшемшарттарын енгізуді көздеп отыр. Атап айтқанда, электрлі және гибридті қозғалтқышы бар автобустарды, яғни экологиялық көлікті пайдалану ынталандырылады. Бұл жылжымалы құрамды жаңартуға және қоршаған ортаға келтірілетін залады азайтуға бағытталған.

Бұйрық жобасы 8 сәуірде «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Еске салсақ, былтыр Астана мен Алматыда агрегаторлар арқылы 490 мыңға жуық инватакси қызметі ұсынылды