«Заң мен тәртіп»: елордалық студенттерге арналған «Құқық қаласы» квесті өтті
Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студенттер мен еріктілерге арналған «Құқық қаласы» атты интерактивті құқықтық квест ұйымдастырылды. Қатысушылар ойын форматында заңдар мен жиі кездесетін құқық бұзушылықтарды түсінуді үйренді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараны Астана жастары жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Негізгі мақсат – жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтық жауапкершілігін дамыту және белсенді ұстаным қалыптастыру. Биыл квестке әрқайсысы бес адамнан тұратын сегіз команда қатысып, «Сот», «Криминалистика», «Полиция» және «Прокуратура» атты төрт тақырыптық кезеңнен өтті. Әр бекетте екі команда қатар сайысқа түсті. Қорытынды кезеңде қатысушылар өткен материал бойынша білімдерін куиз арқылы тексерді.


Жоба ұйымдастырушысы Дәуір Жұмахан «Құқық қаласы» квесті дәстүрлі форматқа айналып, жастар күнделікті өмірде кездесуі мүмкін құқық бұзушылықтарға жауап беретінін атап өтті.
«Екінші жыл қатарынан осындай іс-шара өткізіп келеміз. Мұнда колледж студенттері, еріктілер және белсенді жастар қатысады. Әр бекетте қатысушыларды вандализм мен нашақорлыққа қарсы сот дебаттары, құқық бұзушылықтардың алдын алу, криминалистика және қаржылық алаяқтық бойынша тапсырмалар күтеді. Олар тек тапсырма орындап қана қоймай, заңды тәжірибе жүзінде тексереді», – деді ол.
Барлық тапсырма құқық негіздері мен жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтарға құрылған. Мини-дебаттар форматында қатысушылар «жақтау» және «қарсы» позицияларын дәлелдеуді, құқық бұзушылық салдарын бағалауды және нақты жағдайларда қандай заң баптары қолданылатынын түсінуді үйренді.

Финалдық куизде команда капитандары мен қатысушылар барлық өткен тақырып бойынша кешенді тест тапсырды.

Қатысушылардың айтуынша, «Құқық қаласы» – құқықты тек оқулық арқылы емес, тірі қарым-қатынас пен командалық жұмыс арқылы тануға мүмкіндік береді. Студент Мирас Құсайынов мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отырғанын айтып, квест форматы мен жаңа таныстықтардың өзін қызықтырғанын жеткізді.
«Бұл бағдарлама аясында жастар заңды жақсырақ түсіну үшін квест форматында білім алады. Мен үшін бұл – алғашқы тәжірибе, бәрі өте ерекше әрі қызықты. Біз заңдардың қалай жұмыс істейтінін, олардың ішкі тетіктерін түсіне бастадық. Командамызбен бірге келіп, жаңа адамдармен танысып, өзімізді дамытуға мүмкіндік алдық», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Құқық қаласы» – бір реттік ойын ғана емес. Дебаттар, командалық тапсырмалар мен куиздер арқылы жастарда құқыққа деген саналы көзқарас қалыптасып, құқық бұзушылықтардың себептері мен салдарын терең түсіну дағдылары дамиды.