Жануарларға қатігездік көрсеткендерге қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі
Депутаттар бастамашы болған заң жобасында жануарлар дүниесін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Жануарларға қатігездік көрсеткені үшін жауапкершілік айтарлықтай қатаңдатылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжатта жануарларға қасақана ауырсыну тудыру, жарақат салу немесе олардың өліміне әкеп соқтыру үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделген. Мұндай құқық бұзушылық үшін айыппұл көлемі істің ауырлығына байланысты бірнеше есеге артады.
«Қайталанған немесе ауыр бұзушылық болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылады. Жаза ретінде 2000 АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған. Ауырлатушы жағдайлар болса – үш жылға дейінгі мерзімге бостандықты шектеу немесе бас бостандығынан айыру, сонымен қатар бес жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазалары қолданылуы мүмкін», делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, құқық бұзушылық құралын тәркілеу және болашақта жануар асырау құқығынан айыру сияқты қосымша шаралар қарастырылған. Сонымен бірге профилактика жұмыстары да күшейтіледі.
Атап айтқанда, балаларға тәрбие беру, ағарту жұмыстары және табиғатқа ізгілікпен қарауды қалыптастыру шаралары жүргізіледі.
Еске сала кетсек, елімізде көктемгі жабайы аңдар санағы жүргізіліп жатыр.