Кітапты бестселлер ететін не: маркетинг пе, мазмұн ба

Кітапты бестселлер ететін не: маркетинг пе, мазмұн ба
Фото: Айнұр Бұлақбайдың жеке мұрағатынан

Ұлттық кітап күніне орай өтіп жатқан «Мен оқыған 10 кітап» республикалық акциясы аясында кітап насихаттаушы блогер Айнұр Бұлақбай Elordainfo.kz тілшісіне сұхбат беріп, оқырманға әсер еткен шығармалар, қазіргі кітап нарығындағы сұраныс және бестселлер қалыптастырудың негізгі факторлары туралы пікірін білдірді.

– Айнұр ханым, «Мен оқыған 10 кітап» тізіміңізді бөліссеңіз. Солардың ішінде сізге ерекше әсер еткен 2-3 кітаптың қайсысын атар едіңіз, олар несімен есте қалды?

– Мен оқыған он кітаптың ішінде маған ерекше әсер еткен, өзім сүйіп оқитын шығармалардың бірі – Ыбырай Алтынсариннің әңгімелер жинағы. Оны кішкентай кезімізде оқыдық қой. Сол «Таза бұлақ» әңгімесі әлі күнге дейін есімде сақталып қалды.

Сондай-ақ өткен жылдың қараша айында кітап клубында талдаған «Тағдыр» романы да маған ерекше әсер етті. Бұл шығарманы бала кезімде де оқығанмын, ал есейген шақта қайта оқығанда мүлде басқа қырынан қабылдадым. Романдағы Демежанның қайраткерлігі, күрескерлігі, оның тағдырының трагедиямен аяқталуы адам жадында ұмытылмастай із қалдырады.

Одан бөлек, маған қатты әсер еткен кітаптар бұл – тұлғалар туралы кітаптар. Соның ішінде «Жұмабек және жер майданы» кітабы. Жұмабек Тәшенов атамыздың ел үшін, жер үшін күрескен қайсарлығы ерекше әсер қалдырды. Қызметте отырса да, ел мен жер тағдырында бар күш-жігерін салып, сөз қуатымен де, ісімен де өзін дәлелдей білген тұлға ретінде оның бейнесі терең әсер етті.

Жалпы, 2-3 кітаптың төңірегінде айту керек болса, мен үшін ең маңызды, жүрекке жақын дүниелер осылар.

– Бұл акцияның оқырман мәдениетіне ықпалы қандай деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, «Мен оқыған 10 кітап» сияқты акциялардың оқырман мәдениетіне ықпалы өте зор. Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – кітап оқымау. Көп адам «қандай кітап оқу керек?» деген сұраққа жауап іздеп, бір-бірінен сұрап жүреді. Осындай жағдайда кітап оқитын адамның өз тәжірибесімен бөлісуі, бағыт беруі өте маңызды.

Адам алдымен бағыт алып, кеңес бойынша кітап оқиды, кейін өз талғамына қарай қалыптасады. Сондықтан мұндай акциялардың пайдасы өте жоғары деп есептеймін. Бұл – ең алдымен кітапты насихаттау. Ол акция түрінде өтсін, жарыс форматында болсын – қай жағдайда да тиімді. Мен мұндай бастамаларға оң көзбен қараймын.

– Қазір сіздің аудиторияңыз қандай кітаптарды көбірек сұрайды? Соңғы жылдары сұраныс қалай өзгерді?

– Қазіргі таңда менің аудиториямда тұлғатану бағытына сұраныс жоғары. Әсіресе, соңғы жылдары «Бейсенбай және әдеби майдан», «Болмыс», «Өзбекәлі және мәдени майдан», «Жұмабек және жер майданы», «Қаныш және ғылыми майдан» сияқты еңбектерге қызығушылық артты.

Сонымен қатар жастар арасында Мұхтар Мағауин мен Дулат Исабековтің шығармаларына да үлкен сұранысқа ие. Жалпы, көркем әдебиетке деген қызығушылық соңғы уақытта айтарлықтай өсті.

Бұл үрдіске әлеуметтік желінің де әсері бар. Жастар, әсіресе, Threads желісінде бір-бірінен «қандай кітап оқуға кеңес бересіз?» деп сұрап, пікір алмасып жатады. Әртүрлі ұсыныс беріліп, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын шығармалар талқыланып жатыр. Соның нәтижесінде соңғы 4-5 жыл ішінде кітапқа деген қызығушылық айтарлықтай артты деп айтуға болады.

– Кітап бағасы оқырман таңдауына қаншалықты әсер етеді?

– «Неге қазақша кітаптар қымбат, ал орысша кітаптар арзан?» деген сияқты кітап бағасына қатысты да сұрақтар жиі қойылады. Мұнда басты себеп – кітапқа қажетті қағаздың көбіне сырттан әкелінуі, соның әсерінен бағаның өсуі. Соған қарамастан, адамдар кітап алуға тырысады. Кейбірі кітапханадан оқуды жөн көреді. Қалай болғанда да, ең бастысы – оқуға деген ниеттің бар екені.

Менің ойымша, оқырман кітаптың шынайы бағасын білсе, оның құнына қарамай оқиды. Өз басым солай есептеймін. Менің де принципім – кітаптарды баспа бағасымен сату. Дүкенімдегі кітаптар да мүмкіндігінше қолжетімді болғанын қалаймын.

Негізгі мақсатым – қазақ тіліндегі кітаптар қазақ оқырманына барынша қолжетімді болса екен деген ниет. Адамдар өз үйіне кітапхана жинаса, балаларына арнап кітап алса деймін. Сондықтан баға, әрине, әсер етеді. Бұл – шындық.

– Бір кітапты бестселлер қылатын негізгі фактор не деп ойлайсыз: сюжет, маркетинг әлде тренд? Өзіңіз ұсынғаннан кейін сатылымы артқан кітаптар болды ма?

– Бір кітапты бестселлер ететін негізгі фактор – маркетинг. Егер маркетингі жақсы болса, әрі қоғамда «мына кітапты оқу керек» деген тренд қалыптасса, ол кітап міндетті түрде өтеді. Қазір, мысалы, Дулат Исабеков пен Мұхтар Мағауин кітаптары сондай деңгейге жетті.

Маркетинг тұрғысынан алғанда «Отбасы хрестоматиясы» баспасы өте жақсы жұмыс істейді. Олар кітапты насихаттай алады, дұрыс ұсынады және сата біледі. Ал егер кітаптың сюжеті де қызықты болса, оқырман оны бір-біріне айтып, ауыздан-ауызға таратады. Сол кезде жарнама өздігінен жүре береді.

Өз тәжірибемде насихаттаған кітаптар арасында жақсы өткендері болды. Мысалы, «Жарқыраған мың күн» кітабын белсенді түрде Instagram желісінде сторис арқылы жарнамалап, жақсы сатылымға шығардым деп ойлаймын. Сонымен қатар соңғы шыққан «Тәтті алма» жинағын да атап өтуге болады. Бұл – балаcы бар ата-аналар іздеп жүрген балалар әдебиетінің топтамасы. Сол кітапқа маркетинг жасап, нәтижесінде толық сатылып кетті. Қазір сатылымда жоқ. Тіпті баспаның өзі таңғалып, қайта сатуымды сұрап, алғыс айтқан жағдайлар болды.

– Кітап оқу сіздің өміріңізге қалай әсер етті?

– Жалпы, кітап оқу менің өміріме тікелей әсер етті десем болады. Өйткені қазіргі қоғамда адам тұрмыс-тіршіліктің қамымен кетіп қалуға өте бейім. Кредит, қарыз, отбасы жауапкершілігі, балаларының әр нәрсеге қызығушылығының артуы – бәрі қосылып, адамды күйзеліске түсіреді. Кейде тіпті бір айлықпен күн көріп, үй ішіндегі ұрыс-керіс көбейіп, өмірдің өзі ауырлап кетеді. Осындай жағдайда адам өзінің эмоциясын басқара алмай, тұрмыстың қамытына түсіп кетуі мүмкін. Бұл адамның санасына да, болмысына да әсер етеді.

Менің ойымша, осының бәріне жұтылып кетпеудің бір жолы – кітап оқу. Кітап оқу мені ұстап тұрады. Ол менің ойымды реттейді, санамды сақтайды, өмірдің ауыртпалығына толық беріліп кетпеуіме көмектеседі. Яғни адамның тұрмыстық қиындықтарға жұтылып кетпеуіне әсер ететін ең маңызды құралдардың бірі – кітап.

– Жаңа бастап жатқан оқырманға қандай 3 кітап ұсынар едіңіз? Ал бір ғана кітап таңдау керек болса, қайсысын атар едіңіз?

– Жаңа бастап жатқан оқырманға үш кітап ұсынар едім.

Біріншісі – «Өмірге ғашық болу». Бұл кітап өте жеңіл тілмен жазылған. Оқуға енді кірісіп жатқан адамдарға өте қолайлы, түсінігі жеңіл, ойы анық. Оқырманға бірден әсер ететін, жеңіл қабылданатын шығарма.

Екіншісі – жалпы балалар әдебиеті. Балаларға арналған шығармалар өте қарапайым, түсінікті әрі қызықты оқиғаларға құрылған. Оқырманды балалық шаққа қайта алып кететіндей әсер береді. Бұл – адамның ішкі әлемін жеңіл қабылдататын жақсы әдіс.

Соның ішінде нақты айтар болсам, Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» шығармасын ұсынар едім. Бұл кітап өте жеңіл оқылады, шамамен үш жүз беттей болса да, тез оқып шығуға болады. Ең бастысы ішінде артық, бос сөз жоқ, бәрі нақты, жинақы жазылған.

Үшіншісі – аударма әдебиет. Бұл бағыттан Халед Хоссейнидің шығармаларын, соның ішінде «Жарқыраған мың күн» (немесе соған ұқсас аудармалары) кітаптарын айтар едім. Бұл кітаптарда да артық бос сөз жоқ, бәрі нақты әрі әсерлі берілген. Аудармасы да сәтті шыққан.

Қазіргі оқырман үшін мұндай жеңіл стильдегі кітаптар маңызды. Себебі қазіргі заманда адамдар ескі, ауыр тілдегі, күрделі құрылымды мәтіндерді қабылдай бермейді, ойлануға да уақыт бөлгісі келмейді. Сондықтан жеңіл оқылатын, түсінікті кітаптар көбірек әсер етеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!