Прокуратура: 334 млн теңге иемденген автосалон менеджеріне берілген жаза жеңіл

Прокуратура: 334 млн теңге иемденген автосалон менеджеріне берілген жаза жеңіл
Фото: Оңалхан Өнерхан

Автосалонның бас менеджері компаниясын және клиенттерді алдап, 334 миллион теңгені иемденген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап
 
Тараз қаласындағы автосалонда сату бөлімінің басшысы, клиенттің құны 90 млн теңге тұратын көлігін жаңасына ауыстырып беремін деп алдаған. Оның көлігін сатып жіберіп, ақшаны өзіне жұмсаған. Содан кейін басшылыққа білдірмей, автосалонға тиесілі құны 83 млн теңге тұратын жаңа көлікті әйелге беріп жіберген.

25 жастағы жігіт автосалондағы құны 68 млн және 34 млн теңге тұратын көліктерді сатып, ақшаны иемденген. Сонымен қатар автосалонға тиесілі құны 59 млн теңге жаңа Toyota Land Cruiser көлігін төмен бағаға сатып жіберген.

Сот оны аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған және басқа біреудің мүлкін иемденіп, жымқырғаны үшін кінәлі деп тауып, жазаны ең төменгі шектен (7 жыл) аз - 5 жыл 1 ай бас бостандығынан айыруға үкім шығарған, бұл ретте оның жас ерекшелігі және кінәсін мойындауы ескерілген.

Прокурордың қорытындысы бойынша кассациялық сот сот актілерін өзгертіп, бас бостандығынан айыру мерзімін 8 жылға ұлғайтты, себебі сотталушы шығынды өтемеген.