БҰҰ өкілдеріне еліміздің жаңа Конституциясы таныстырылды

Бүгін, 20:02
Думан Аманжол Думан Аманжол
БҰҰ өкілдеріне еліміздің жаңа Конституциясы таныстырылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрлігінде Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кездесу барысында вице-министр Евгений Кочетов еліміздің жаңа Конституциясындағы негізгі өзгерістер, реформаларды қоғамға түсіндіру барысы және адам құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар туралы атап өтті.

«Жиында жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекет саясатындағы маңызды бетбұрыс екені айтылып, оның «Әділетті Қазақстан» идеясын ілгерілетуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға негіз болғаны талқыланды. Сондай-ақ, қазақстандық тарап адам құқықтарын қорғау мен оны жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, халықаралық міндеттемелер мен БҰҰ ұстанымдарына адалдығын атап өтті», делінеді хабарламада.

Сондай-ақ азаматтық қоғамды қолдау, гендерлік теңдікті дамыту және отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған бастамалар таныстырылды. Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейтуге арналған цифрлық тетіктер де талқыланды. Атап айтқанда, «e-Otinish» жүйесі мен электрондық үкімет платформасының жұмысы сөз болды.

Жиын соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тәжірибе алмасуды жалғастыруға мүдделі екенін білдірді.