Бүгін елордада «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету және «Астана – есірткісіз қала» бастамасын қолдау аясында бұқаралық жүгіріс өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ырыскелді қажы мешіті маңынан басталған спорттық іс-шараға 1500-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында әуесқой жүгірушілер, жастар, отбасылар және қала қонақтары болды.

«Бұл іс-шараны «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырып отыр. Ал біз, «Әділет» партиясы бұл бастаманы қолдаймыз. Астана мен жалпы Қазақстанды есірткісіз ортаға айналдыруға ұмтыламыз.
Әрине, бір ғана жүгіріспен елордадағы немесе елдегі есірткі мәселесі шешіліп кетпейді. Дегенмен адамдардың белсенді өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуына жағдай жасайтын орта қалыптастыру маңызды. Бұл кәсіби марафон немесе жоғары деңгейдегі жарыс емес. Керісінше, кез келген адам қатыса алатын жеңіл форматтағы таңғы жаттығу.
Біздің мақсатымыз – адамдарға осындай мүмкіндіктер ұсынып, белсенді өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасау. Адамдар таңертең ерте тұрып, таза ауада жүгіріп, ата-анасымен, балаларымен, отбасымен немесе достарымен бірге уақыт өткізе алады.
Алдағы уақытта да ауа райы мен маусымға байланысты түрлі спорттық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Астана қаласындағы «Әділет» партиясы филиалының негізгі мақсаты – елорданың ерекшелігі мен тұрғындардың сұранысын ескере отырып, өзіндік қалалық мәдениетті қалыптастыру», – деді «Әділет» партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы Мағжан Қыстаубаев.
Қатысушылар Ырыскелді қажы мешітінен басталған бағыт бойынша Кенесары хан ескерткішін айналып өтіп, 4 және 7,6 шақырым қашықтықты еңсерді.
Жарысқа Павлодардан келген Евгений Казаков та қатысты. Ол бұған дейін Зерендіде өткен жүгірісте 30 шақырым қашықтықты бағындырғанын айтты.

«Кеше Зерендіде өткен жүгіріске қатысып, 30 шақырым жүгірдім. Бүгін Астана арқылы өтіп бара жатып, осындай іс-шара ұйымдастырылып жатқанын көріп, отбасыммен бірге қолдау көрсетіп, қатысуды жөн көрдік. Кешегі жүгірістен кейін бүгін жоғары нәтиже көрсету қиын. Дегенмен барымды салуға тырыстым.
Осындай бұқаралық жүгірістерді жиі ұйымдастырып, халықты спортқа тарту керек. Елордада мұндай іс-шаралардың өтіп жатқаны қуантады. Павлодарда да осындай іс-шаралар ұйымдастырылады. Бірақ Астанадағыдай көп адам жинала бермейді.
Өзім кёкусинкай каратэмен айналысамын. Бүкіл отбасымызбен спортпен шұғылданамыз және салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Спортпен міндетті түрде жүгіру арқылы ғана айналысу шарт емес. Кез келген бұқаралық спорт түрімен немесе спорт секцияларында шұғылдануға болады. Бүгін бұл іс-шараға Павлодар қаласының кёкусинкай каратэ өкілі ретінде қатысып отырмын», – деді бұқаралық жүгіріске ерекше киіммен келген Евгений Казаков.

Мәреге жеткен барлық қатысушыға естелік медаль табысталды.
«Біздің басқарма есірткі қылмысына қарсы бағытта жұмыс істейді. Есірткіге балама ретінде осындай қоғамдық және бұқаралық іс-шараларды көбірек ұйымдастыру қажет. Адамдар бос уақытын тиімді өткізуі керек.
Менің ойымша, бүгінгі жүгіріс – тұрғындар үшін пайдалы іс-шара. Мұнда тек жастар ғана емес, 40-50 жастан асқан азаматтар да бар. Ауа райының салқындығына қарамастан, қатысушылардың көп болғанына таңғалып отырмын. Бұл халықтың спортқа деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді», – деді Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтенов.

Іс-шара соңында қатысушылар арасында ұтыс ұйымдастырылып, түрлі сыйлық ойнатылды.
Бұған дейін Астанада студенттер арасында «Student Unity» спартакиадасы өтіп жатқаны хабарланған еді.