Елордада «Таусылмас тағзым» театрландырылған концерті өтті
Астанада Жеңістің 81 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған «Таусылмас тағзым» атты театрландырылған концерт өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тағылымы мол мәдени іс-шараны аудан әкімдігі мен ардагерлер кеңесінің қолдауымен Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастырды.
Мерекелік кештің басты ерекшелігі – «Соғыс көлеңкесі» атты театрландырылған композиция. Қойылымды орталықтың өнерпаз зейнеткерлері хореограф Әлия Әбілқасымованың жетекшілігімен сахналады. Сахналық көріністе соғыс жылдарының ауыртпалығы, майдандағы ерлік пен тылдағы еңбек, аналардың сағынышы мен сарбаздардың қайсар рухы көркем бейнеленді.
«Бүгінгі театрландырылған көрініске 45 зейнеткер қатысты. Өнерпаздар би қимылдары арқылы соғыс жылдарындағы ауыртпалықты, қазақ ауылдарының тұрмысын, тыл еңбеккерлерінің еңбегін, қаралы хабардың жетуін және Жеңістің қуанышын жеткізуге тырысты. «Соғыс көлеңкесі» композициясын би үйірмесінің жетекшісі Әлия Талғатқызы бір айға жуық уақыт дайындады. Жалпы Сарыарқа ауданының өнерлі ата-әжелері мерекелік концертке 20-ға жуық музыкалық номер әзірледі», – деді орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Айару Бақытова.

Кеш барысында майдан даласында шырқалған әндер орындалып, батырларға тағзым жасалды. Атап айтқанда, «Бейбіт күннің тілегі», «Идет солдат по городу», «Смуглянка», «Жди меня», «Журавли», «Синий платочек» сынды туындылар көрерменге ұсынылды. Бұл әндер арқылы сол бір сұрапыл жылдардың рухы қайта жаңғырып, ерлікке деген құрмет арта түсті. Сонымен қатар, мерекелік бағдарлама аясында «Әгугай» этно-фольклорлық ансамблі, «Шабыт», «Әдемі дәуір», «Гауһартас» би ұжымдары және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті. Әрбір шығармашылық номер кештің мазмұнын байытып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін ұлықтау, кейінгі ұрпаққа патриоттық тәрбие беру және бейбіт өмірдің қадірін насихаттау. Мамыр мерекелеріне арналған мәдени, патриоттық іс-шаралар Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының барлық филиалдарында ұйымдастырылады. Ескерткіштерге гүл жоқтарын қою, қайырымдылық себептерін сыйлау, ерлік сабақтарын өткізу, мерекелік концерттер сияқты 20-ға жуық шара өтеді» -деді әлеуметтік қызметтерді ақпараттық ілгерілету бөлімінің басшысы Меруерт Нұрғалиева.



Концерттік бағдарламаны қала тұрғындары, тыл және ауған соғысының ардагерлері, зейнеткерлер тамашалады.