Бала Қабдеш қандай болды: досы Мұхаметқазы Мұхамедиұлы жазушы жайлы сыр шертті

Бала Қабдеш қандай болды: досы Мұхаметқазы Мұхамедиұлы жазушы жайлы сыр шертті
Фото: qazaqadebieti.kz

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына орай оның өмір жолы мен шығармашылық тағдырына қатысты тың естеліктер айтылды. Қаламгердің бала күнгі досы, тарихшы-этнограф Мұхаметқазы Мұхамедиұлы Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында жазушының балалық шағы, қиын кезеңдері мен тұлғалық қалыптасуына әсер еткен тарихи оқиғалар туралы кеңінен әңгімеледі.

Фото: Мұхаметқазы Мұхамедиұлының жеке мұрағатынан

Мұхаметқазы Мұхамедиұлы, Қабдеш Жұмаділовпен алғаш қалай таныстыңыздар? Оның балалық шағы қандай болды?

– Қабдеш 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Малдыбай ауылында дүниеге келген. Малдыбай – үлкен тау аңғары, үлкен әкесі Үдере бидің қыстағы болған. Соның шыға беріс кең жазығында олардың ата қонысы болды. Анасы Қанипа деген кісі, әкесі Жұмаділ деген кісі болды. Онымен балалық дәуіріміз бірге өтті. Ол Малдыбай бұлағының баурайында туса, мен 1937 жылы Жандыбай деген Мыңбұлақтың бойында тудым. Арамыздағы айырмашылық 1 жас қана. Қабдеш дүниеге келген кезде әкесі ат шаптырып, елге сүйінші сұратып, оның атын Қабділәшім деп қойған екен. Оның алдында Қабдірәшид деген баласы шешек ауруынан ба, өмірден өтіп кетеді де, соған ұйқастырып қойған. Анасы, ауылдағы ағалары оның қимыл-қозғалысына қарап, еркелетіп, Қабдеш атанып кеткен.

– Бала кезінен оның болашақта жазушы болатынын аңғартқан белгілер болды ма?

– Қабдеш бала күнінен сондай зерек, қағылез болды. «Болар бала қонақ жағалайды» демекші, үлкен үй болғаннан кейін, арғы атасы би болғаннан кейін олардың белдеуінен ат кетпеген. Кезінде біздің жақта қонақ үзілмеуші еді. Сол кездерде қонақкәде алатын жағдайлар болған. Ол дегеніміз жас балалар болса, оларға ертегі айтып береді, қисса-дастандар айтып береді, болмаса басқа да тағылымды әңгімелер айтып береді. Қабаң (Қабдеш Жұмаділов – ред) жастайынан сондай тағылымды әңгімелерге құлағы түрік болып өсті. Екінші бір жағдай – оның әкесі Жұмаділ, үлкен әкесі Үдере би сол төңіректе 4 сыныптық мектеп ашқан адамдар. Мектептің жанынан сол кезде мешіт ашты. Біз оқып жүрген кезде мектеп пен мешіттің арасы 150 метрдей ғана болды. Ол кезеңде біз жұма күні сабақ оқымайтынбыз. Жұма күні «азат күні» деп жұрт мешітке келіп жататын. 3-сыныптан бастап бізге сол кезде дін сабақтары жүргізілді. Кейбір сүре, аяттарды жатқа айтатын кездер болды.

– Оның мінезіндегі ең ерекше қасиетті қалай сипаттар едіңіз?

– Қабаңның рухының биік болуының себебі біз әлі мектеп оқып жүрген кезімізде 1946 жылы Шығыс Түркістанда үш аймақ қозғалысы деген үлкен ұлт азаттық төңкерісі болды. Тарбағатайда, Алтайда, Іледе үлкен көтеріліс болды. Бұл қозғалыс Мәнжу мемлекеті тарапынан қазақ халқын отарлыққа айналдыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанда, үлкен салықтарға шыдамаған Іле аймағынан көтеріліс бұрқ етіп басталды. Сол көтерілістің жалыны Тарбағатайды шарпыды. Сол жылдары Қабаң екеуіміздің рухымызға күш берген нәрсе – сол ұлт азаттық қозғалысы еді. Ұлт азаттық армиясының әнұранын жаттап өстік.

Өскен ортасы оның тұлға болып қалыптасуына қалай әсер етті?

– 1947-1948 жылдары әкелеріміз Шәуешек қаласына жиі барып тұратын. Бұл Жібек жолының үстіндегі қала болды, өзі Қазақстанға жақын орналасқан. Онда Алашорданың, қазақ интеллигенттерінің ықпалы зор болды. Ол жерге 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі кезінде, содан кейін 1932 жылдардағы ашаршылық кезінде жан сауғалап барған қазақтың оқыған зиялы қауым өкілдері бар еді. Мұның да шет жағасынан Қабаң қалған жоқ. 1948-1949 жылдары Шәуешек гимназиясында оқыдық. Онда қазақ балалары, ұлдар бөлек оқыды. Ал Махмұд Қашқария атындағы гимназияда қыздар бөлек оқыды. Осы кезде Қабаң сабақты жақсы оқыды. Ондағы мұғалімдеріміз де өте білікті болды. Алаш қайраткерлері сабақ берді. Солардың бірі Тұрсын Жарқынбаев еді. Ол Алаштың атты әскерінің офицері болған. Шұбартау жақтан өткен. Кейін ол кісі мектеп директоры болды. Сол кісілермен қатар, Серікбек, Дәуітбек деген басқа да білімдар мұғалімдер болды. Олар әдебиет, математика пәндерінен шетінен өте мықты мамандар еді. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, сол кісілердің ықпалы зор болды. Әдебиет үйірмелері ұйымдастырылатын. Сол ұстаздардың алдынан білім алған оқушылар арасында Қабдеш топты жарып, сабақты жақсы оқыды.

– Алғашқы шығармашылық қадамдары туралы не айта аласыз?

– Мектептің қабырға газеттері «Қалам», «Ұшқын», «Жас талап» деген атаулармен шығып жатты. 5-сыныптан бастап оқушылар сол қабырға газеттеріне өлеңдерін, басқа да шығармаларын жазып отырды. Сонда Қабаң алғашында өлең жазды. Осында келгеннен кейін 1966 жылы Алматыда «Жазушы» баспасынан «Жас дәурен» деген ең алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді.

1956 жылы Қабаңның «Жамал» деген әңгімесі Шыңжаңда шығатын «Шұғыла» деген журналға жарияланды. Сол кезде «Шұғыла» журналының редакторы Қажығұмар Шабдан еді. Ол, өздеріңіз білесіздер, Қытайдың түрмесінде 40 жыл отырып, «Қылмыс» романын жазған адам. Содан кейін «Тарбағатай» газетінде Қабаңның өлеңдері шығып тұрды. Өзімен бірге оқыған жолдастары Ақылбек Манабаев, Серік Қапшықбай сияқты бірқатар азамат та сол кезде қаламы төселген ақын-жазушы сияқты шығармалары аймақтық баспа беттерінде жарияланып тұрды. Абайды жас күнімізден оқып өстік. Сол кездерде қазақ елінің жазушыларының шығармалары біз жаққа, Шығыс Түркістанға тоқтаусыз келіп тұрды. Қасым Аманжоловтың өлеңдерімен сусындадық. Мектепте Алматыдан шыққан оқулықтармен оқыдық. Осының бәрі Қабдештің де, басқа ақын-жазушылардың да тұлға болып қалыптасуына шабыт, жігер берді деп айтуға болады.

Мен одан бір сынып төмен оқыдым. Жетінші сыныпты бітіргеннен кейін мен Үрімжіге кетіп қалдым, ал ол Шәуешекте қалды. Қабаң 1955-1956 жылғы оқу жылында мектепті бітірді. Сол кезде Кеңес Үкіметімен арада байланыс едәуір жақсарып қалған кез еді. Ташкент пен Алматыға 50 баланы оқуға жіберуге Үкімет қаулы қабылдады. Содан Қабдеш пен Мырзахан деген жігіт Алматыға, КазГУ-дің филология факультетіне түсті. Мен ол кезде Шыңжаң университетінің тарих-география факультетін бітіріп, тарих кафедрасында мұғалім болып қалған кезім еді. Сол кезде Қабаңдар үстіңгі борты ашық жүк көлігімен келді. Автобус деген жоқ ол уақытта. Үсті-бастары шаң-шаң. Жоңғар құмы арқылы жетіпті. Жүздері бал-бұл жайнап, өздері өте көңілді жүр. Аяғын алшаң басып кеп, мені құшақтай алды. Бойда сағыныш бар. «Ой, Мұқа, мен енді Алматыда оқитын болдым», – деді қуанып. Әлгі жерде құшақтасып, құттықтап, қуанып қалдық. Содан 5-6 күн оларды жолға дайындап, арнайы формаларын тіктіріп, ақыры үлкен автобустарға отырғызып жібердік. Қабаң Ташкентке оқуға аттанған балалармен бірге Алматыға кетті. Алматыға барғаннан соң да хат жазысып тұрдық.

Оның әдебиет саласында өсіп-өркендеуіне үлкен демеушілік жасаған сол кездегі Алматыдағы ұстаздары болды. Соның ішінде Мұқаңның, Мұхтар Әуезовтің ықпалы зор болды. Мұқаңнан дәріс алды. Тіпті Мұқаңның қабылдауында да болған. Сол қабылдауында болғанын Қабаң маған хат арқылы жазды. «Қандай керемет тұлға. Байыппен сөйлеген сөздері ұйытып отырады», деп жазғаны бар. Мұқаңа оның «Абай жолын» бала күнінен оқып өскенін айтады. Мұқаң да Қабаңа: «сендер байларды өз көздеріңмен көрдіңдер, көшті де көрдіңдер. Сендер жақ көшпелі қазақтан қалған қорық сияқты тамаша өлке ғой» деп арғы бет туралы пікірін таңдана айтыпты. Кейінгі кезеңдерде Темірғали Нұртазин, Зейнолла Қабдолов, Мұхамеджан Қаратаев сияқты сыншылар мен әдебиетшілерден сабақ алды. Ауыл-аймақта өткір тілді ақсақалдарымыз болды. Олардың кейбірі қажы, енді бірі болыс болды. Билік төңірегінде қызмет істегендер де болды. Елдің ескі әңгімелерін, жыраулық әңгімелерді айтып отыратын. Соның бәрін Қабаң құлағына құйып өсті. Кенесарыны жастайымыздан жаттадық. Осының бәрі Қабдештің ұлттық сана-сезіміне деген, оның еліне деген, ұлтына деген, халқына деген көзқарасының қалыптасуына зор ықпал етті.

– Достық қарым-қатынасыңыз туралы есте қалған ерекше бір сәт туралы айтсаңыз.

– 1948 жылдары әкеміз Алматыдан «Қазақ елі» баспасынан шыққан Шығыстағы қазақтарға арнап жазылған Абайдың ең алғашқы кітабынан екеуін алып келіп, біреуін маған, біреуін Қабдешке берген. Менің сол кітабым күні бүгінге дейін үйімде сақтаулы тұр. Ара-тұра оқып қоямын. Ал Қабдеш студент кезінде ме екен, жоғалтып алыпты. Әлде көш кезінде қалып қойды ма екен, кім білсін?! Қабаң бір келгенде сол кітапты менің үйімнен көріп, көзінің жасын сығып, бір жылап алғаны бар.

1949 жылы Қытайдың үкіметі құрылды. 1957 жылы Мао Цзэдунның халық қайшылықтарын қалай шешу жөніндегі мақаласы жарық көріп, халық тарапынан ашық пікір білдіруге мүмкіндік берілді. Артынша ашық пікір білдіргендерді қудалау басталды. Сөйтіп 1958 жылы 3 курста оқып жүрген Қабаңдар 22 студент қайтарылды. Оларды жақсы қарсы ала қойған жоқ. Жауапқа тартты. Содан тыныш отыра алмай, Қабаңның қасына бардым. Сол кезде ол маған: «Алматыға шығарып салғандағы алқа-қотан ағайынның бәрі қайда кеткен? Ешкім жоқ қой», – деді. «Қаба, басқа пәле тілден деген. Бұл жерде саяси үлкен қозғалыс жүріп жатыр. Енді тіліңе ие бол. Кешке біздің жатақханаға, бөлмеге кел. Өзім күтіп аламын», – дедім. Кешкісін қасында Уәли Бекенов деген күйші бар, Төлеубек Жақыпбай бар, үшеуі келді. Толқын жүріп жатыр ғой деп сақтанып, есік-терезені жауып, қараңғылатып қойдым. Қыз балалар дастарханды жайнатып жіберді. Сол кезде Қабаң: «Мұхаметқазы, өзің жасырын үйленіп алған жоқсың ба?» – деп қалжыңдады. «Қаба, сендер келгенде жайылмаса, дастархан қай кезде жайылады? Қиын кезең болса да, қазақтың дастарханынан айырмасын», – дедім. Домбыра шертілді. Ешкім естіп қоймасын деп басында Уәли Бекенов ақырындап шертіп отырған. Бір кезде Төлеубек Жақыпбай: «шерткен соң дұрыстап шерту керек», – деп домбыраны өзі алып, қаттырақ шертті.

Біреулер отырысымыз туралы тыңшыларға жеткізген екен. Таңертең бізді ұстап, айып тағып, университет алаңына шығарды. «Алматыдан келген ұлтшылмен қандай байланыстарың бар? Не туралы сөйлестіңдер?» деп сұрақтың астына алды.

КСРО-да халық жауы деген желеумен Сібірге айдаса, сол кезде Қытайда «тозақ оты» деген 60-70 градус күйіп тұратын ыстық жақтың құмына апарып, Қабаны еңбекке салды.

Бір кезде ол оқудан қалып, көмір шахтасында жұмыс істеді. Шамамен 60-70 метр тереңдікте көмір қазып жүргенін көрдім. Бір күні барып қарасам, «осындай жағдайда өмірмен қоштасатын шығармыз», – деді. Үстінің бәрі шаң, қара күйе. Алматыдағы оқуын бітіре алмай қалғанына налыды.

Сол кезде Қытайда саяси жағдай шиеленісіп, баспалар тоқтап қалды. Газет-журнал шықпай қалды. Кейін билік өздерінше атап жүрген «оңшылдарды», «ұлтшылдарды» бақылауда ұстап, соларға мақала жаздыртып, өз аттарымен жариялатпайтын саясат жүргізді. Шыңжаң газеттері де қатаң бақылауда болды. Қабаң осының бәрін, тарихи оқиғаларды, қилы тағдырларды өзінің кітаптарында жазды.

– Оның шығармаларына арқау болған оқиғалардың куәсі болдыңыз ба?

– Иә, Қабдеш не нәрсені бастан өткерсе, мен де соны көрдім. Жайлаудағы күндердің бәрін айтуға уақыт жетпейді. Негізгі оқиғаларды ғана айтып отырмын. Ал ауыл арасындағы әңгімелер, бірге өткен күндер, оны айтсаң, өте көп.

1962 жылы ұлы көш болды. Осы көште Шәуешек төңірегінде отырған 7-8 болыс ел көшіп кеттік. Құлыстайдың арғы жағындағы ағайынның біразы өте алмай, сол жақта қалып қойды. Ал Шәуешек төңірегіндегі халықтың бергі жаққа өтіп кетуіне Қабдештің көшбасшылық жасап, үгіт-насихат жүргізуі себеп болды. Соның арқасында Шәуешек халқы қатты қотарылып, айналасы 10-15 күннің ішінде шамамен 330 мың халық бері қарай шекарадан өтіп кетті. Бұл туралы архив құжаттарында нақты жазылған. Сол көшпен келген қазақтар бүгінде өсіп-өніп, ел ішінде миллионнан асты. Сол көшпен бірге келген балалардың арасынан да небір тұлғалар қалыптасып шықты.

– Шекарадан асып, бергі жаққа өткеннен кейін байланыстарыңыз қалай өрбіді?

– Кейін шекара асқан кезеңдерде де Қабдешпен байланыс үзілген жоқ. Шекарадан өткеннен кейін халықты төрт облысқа, Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар, Талдықорған облыстарына бөлді. Мен Жарма ауданына тұрақтап, сонда мұғалім болдым. Қабдешті оқуыңды жалғастыр деп, Жаңғызтөбе станциясынан Алматыға шығарып салдық. Барсақ, Рамазан Тоқтаров, Мұхтар Мағауин, Әкім Тарази сияқты азаматтар: «Ой, сені Қытайдың түрмесінде өліп қалды деп ойласақ, аман-есен келген екенсің» деп қуана қауышты. Арада біраз жыл үзіліс болған. Содан Қабаң өзінен жасы кіші студенттермен бірге оқуын аяқтады. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті» газетінен бастады. Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» тарихи романын жазып жатқан уақытта Қабдешті қабылдапты. «Мен «Көшпенділерді» естуім бойынша жаздым. Сен көшпенділердің нақ өз ауылынан келдің, Қабдеш. Сондықтан алып-қосарың болса, көр», – депті. Содан Қабдеш аздаған өзгеріс енгізген екен. Бірде Қабдештің үйінен автордың ризалығымен жазылған қолтаңбасы бар «Көшпенділер» кітабын байқадым. «Айналайын, Қабдеш, кітабымның сәтті шығуына көрсеткен еңбегің үшін ағалық ризалығымды білдіремін» делінген екен қолтаңбада.

Қабдеш ең алғашында Розыбақиев көшесінде тұрды. Мен үнемі барып тұрдым. Бірде оның үйіне барғанда ұлы Арман тәй-тәйлап, қабырға жағалап жүр екен. Қабаң жазуын бұрқыратып жазып жүрген кездері. Жұбайы Сәуле арабша жақсы білетін. Ол да машинкамен басып беріп жүретін. Сөйтіп оның үйінде отырғанда пәтердің есігінің қоңырауы шыр ете түсті. Қабдеш барып есікті ашқанда сырттан ұзын бойлы, басында шляпасы бар, үстіне ұзын былғары пальто киген ер адам кіріп келді. «Аа, үйде қонақ бар екен ғой», – деді. Содан Қабдеш маған қарап: «мына кісіні танисың ба?» – деп сұрады. Мен сәл қарап тұрдым да: «Мәлік аға ғой», – дедім. Қазақтың жазушысы Мәлік Ғабдуллин еді.

Қабдеш менен кейін екі жылдан кейін 1965 жылы үйленді. Сондағы тойына шақыру қағазы әлі күнге дейін үйімде сақтаулы тұр. 4 ұл, 1 қызы өмірге келді. Өсіп-өнді.

– Оның қазақ әдебиетіндегі орнына сіз қандай баға берер едіңіз?

– Шығармаларындағы қилы тағдырдың бәрін Қабаң біреудің аузынан естіген жоқ, өз көзімен көрді. Кейін «Тағдыр» романында, «Соңғы көште», «Қалың елім, қазағымда», «Атамекенімде», «Қаздар қайтып барады» кітаптарында өзі көрген аянышты да қилы тағдырдың бәрін өзінің суреткерлігімен, көркем тілмен бүкпесіз жазды. Ұлттың тағдырын, елдің тағдырын, жердің тағдырын барынша жеткізіп жазған үлкен суреткер деп айтуға болады. Оның бұл қыры бұған дейін айтылып та, жазылып та жүр.

«Қаздар қайтып барады» деген шығармасы – «Тағдыр» романы мен «Соңғы көшке» дейінгі алғашқы толқыны. Сол шыққан кезеңде осы жақтағы әдебиет саласындағы қауымды, ақын-жазушыларды жалт қаратты.

«Соңғы көш» – ерекше жазылған үлкен эпикалық шығарма. Әкім Тарази бұл шығарма туралы: «Қабдештің «Соңғы көші» – Бәйтеректің бойында тұрған, бізге мәлімсіз болған, оғаш болған қазақ әдебиетіндегі жаңа леп әкелген шығарма» деп пікір білдірген еді.

Қабдеш Халық жазушысы атанды. Оның бәрі оған аспаннан келген жоқ. Бәрін ол өзінің қолымен жазды. Қоғам арасында: «Екі империяның ішкі бет-бейнесін ақтарып жазған екі жазушы болса, соның бірі – Мұхтар Әуезов, екіншісі – Қабдеш Жұмаділов» деген сөз бар. Қабдеш – шындықтан табаны таймаған, жығылмаған жазушы. «Әр заманының өз сөзі, өз тілі болады. Соны айтатын өз заманының ұлы бірге келеді» дейді. Сол сияқты Қабдеш те өз заманындағы халықтың аянышты халін бұл жаққа да жеткізе алған суреткер.

Тарихи деректер мен архивтік факттерді қолданып, «Дарабоз» деп Қаракерей Қабанбай батыр туралы кітабын жазды. Қабаңның өзі бірде: «басы төмен қарап, аяғы жоғары қарап тұрған тарихи деректерді орын-орнына қоюым керек болатын, қоя алдым ба?» – деп сұрады. Жалпы, кітапта тарихи шындық ашылған.

Қабаң: «ақ қағаз – арым, қара сия – қаным» деп отыратын еді. Кейде шығарманы өзің үшін де жазатын кездерің болады. Бірақ Қабдеш Жұмаділов – бүгін үшін емес, ертең үшін, ертеңгі ұрпақ үшін қалам ұстап, Алаштың ұстанымын ұстанған жазушы. Кейбір жазушы ақша үшін жазса, «мен қазақты санаймын», – деп Қабдештің өзі айтып отырушы еді жарықтық...

Сұхбатыңызға рақмет!