Tapsyru жүйесі мемлекеттік мүлікті беру үдерісін толық цифрландырды
Қазақстанда мемлекеттік мүлікті бір мемлекеттік органнан екіншісіне беру рәсімі толықтай цифрлық форматқа көшірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұған дейін бұл рәсім қағаз жүзінде жүргізілген.
«Енді мемлекеттік органдар жаңа мүлік сатып алудың орнына қажетті активтерді басқа мемлекеттік органдардан жүйе арқылы электрондық түрде ала алады. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және шығындарды қысқартуға ықпал етеді», – деді вице-министр.
Қазіргі уақытта мемлекеттік мүлікті электронды форматта беруге арналған Tapsyru порталы іске қосылып, оған 18,6 мың мемлекеттік ұйым қосылған. Порталда шамамен 22 миллион нысан туралы мәлімет жинақталған, сондай-ақ жобаны іске асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылған.
Жүйеге жасанды интеллект элементтері де енгізілген. Олар мемлекеттік органдардың қажеттіліктерін болжауға және шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мәселен, бір ғимаратта бірнеше мемлекеттік орган орналасса, жүйе коммуналдық және жалдау шығындарын біріктіріп, ортақ шарт жасасуды ұсына алады.
Вице-министрдің дерегінше, жоба іске қосылғалы бері 2 763 рәсім аясында 34 мыңнан астам нысан берілген. Олардың жалпы құны 232 млрд теңгеден асады.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл тетік мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін арттырып, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.