Елдегі жүк айналымының 57%-ы теміржол көлігіне тиесілі - Нұрлан Сауранбаев
Қазақстандағы барлық жүк айналымының 57%-ы теміржол көлігіне тиесілі, ол сондай-ақ бүкіл көлік саласының жалпы өнімінің үштен бірін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет отырысында инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту және парктерді жаңарту туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда жүк вагондары нарығы толығымен бәсекелестік ортада жұмыс істеп тұр. Паркте жалпы қазір шамамен 147 мың вагон бар, олардың басым бөлігі жеке операторларға тиесілі.
«Инфрақұрылымды одан әрі дамыту өнеркәсіптің өсуіне, экспорт көлемінің ұлғаюына және мемлекеттің транзиттік әлеуетінің нығаюына тікелей әсер етеді. Теміржол саласында біз үш негізгі бағытты бөліп қарастырамыз, олар – локомотивтер паркі, вагондар паркі және магистральдық желі. Мұндағы жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізілуде, ал басты мақсат — өткізу қабілетін арттыру және тасымалдауға болашақ сұранысты қамтамасыз ету», - деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, 2014-2019 жылдар аралығында елімізде сүйрегіш жылжымалы құрамды сатып алу көлемінің төмен болуына байланысты локомотив тапшылығы қалыптасқан. Жағдайды түзеу үшін соңғы жылдары жаңарту бағдарламасы іске қосылды. Отандық өндірістің жаңа локомотивтерін тасымалға қосу 2028 жылға дейін жалғасады. Бүгінгі таңда жаңартылған парк тасымалдаудың ағымдағы қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етіп отыр. Жүргізілген жұмыстың арқасында локомотивтердің тозу деңгейін 74%-дан 49%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар, сүйреу паркінің орташа жасы – 30-дан 21-ге дейін айтарлықтай қысқарды. Жаңғырту жұмыстары еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсуі үшін сенімді база қалыптастыра отырып жалғатын болады.
Мемлекет басшысының еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан халықаралық көлік дәліздерінің қуатын белсенді түрде арттыруда. Бүгінде біздің еліміз құрлықтағы жүктердің 80%-ының Қытайдан Еуропаға өтуін қамтамасыз етеді.
«Транзит отандық теміржол саласының басты драйверіне айналды. Соңғы 5 жылда транзиттік тасымал көлемі 20 млн-нан 33 млн тоннаға дейін өсті. Біздің міндетіміз - таяу оншақты жылда осы динамиканы жеделдету. Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 67 млн тоннаға жеткізіп, екі есе арттыруды, ал 2040 жылға қарай транзит көлемін 100 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Сондай-ақ, оның айтуынша, терминалдық инфрақұрылым ел ішінде де, шетелде де жоғары қарқынмен дамып келеді. Қазір маршруттар бойында жеті терминал жұмыс істеп тұр, оған қосымша 7 нысан салынуда. Бұл «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарында бірыңғай логистикалық желіні қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындар мен кен орындарына апаратын жолдарды жаңғыртуға назар аударылды. Министрліктің перспективалы жобаларының тізіміне Қарағанды облысының Қарағайлы ауданындағы кен орындарының жолдарын жаңғырту және өңірді тікелей қатынаспен байланыстырып, батыс Қазақстанның дамуына қуатты серпін беретін «Индербор – Орал» жаңа желісінің құрылысы енгізілген.
«Қазіргі уақытта теміржол саласын цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сектордың барлық негізгі объектілері бойынша бірыңғай «деректер көлі» (Data Lake) қалыптасады. Алдағы уақытта Smart Rail жүйесін енгізу көзделген. Бұл жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауды қолдану арқылы басқарудың тиімділігін арттырады. Нәтижесінде шығындар азаяды және қауіпсіздік деңгейі артады», - деп атап өтті министр.