Жұлдыз Сүлейменова мен Жаслан Мәдиев елордадағы мектеп оқушыларының ЖИ жобаларын тамашалады

Бүгін, 10:23
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жұлдыз Сүлейменова мен Жаслан Мәдиев елордадағы мектеп оқушыларының ЖИ жобаларын тамашалады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова №101 «Келешек мектебіне» барды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сеңғазыев қатысты.

Қонақтар мектептің білім беру ортасымен танысып, AI Interactive Smart Classroom инновациялық кабинетінің жұмысын көрді, сондай-ақ оқушылардың жасанды интеллект пен экология бағытындағы жобаларын тамашалады. Оқушылар заманауи цифрлық технологиялар мен AI құралдарын пайдалана отырып әзірленген өз жобаларын таныстырды.

Сапар аясында «Жасанды интеллект және жаңа буын» тақырыбында «Министр сабағы» өтті. Ашық диалог барысында оқушылармен жасанды интеллекттің даму перспективалары, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері және жастардың еліміздің инновациялық болашағын қалыптастырудағы рөлі талқыланды.

Кездесу барысында білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, оқушылардың цифрлық құзыреттерін дамыту және педагогтердің заманауи білім беру құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Еске салсақ, Қазақстандық оқушылар жасөспірімдер арасындағы Балқан математикалық олимпиадасына қатысады.