Header Banner

Бақты – Аягөз теміржол желісінің төсем жұмыстарының 93 пайызы аяқталды

Бақты – Аягөз теміржол желісінің төсем жұмыстарының 93 пайызы аяқталды
Фото: Көлік министрлігі

Ұзындығы 303 шақырым Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Теміржол желісіндегі жұмыстарды аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Бүгінде жоба аясында көзделген 39,5 млн текше метр жер төсемінің 36,8 млн текше метрі төселді. Бұл жалпы көлемнің 93%-ын құрайды. Қалған жұмыстардың негізгі бөлігі шекара маңы аймағында және Бақты станциясы ауданында шоғырланған.

Қазіргі уақытта жолдың жоғарғы қабатын тегістеу және жолдың жоғарғы құрылысын төсеу алдында топырақтың тығыздалу сапасын тексеру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жасанды құрылыс салу да жалғасуда. Атап айтқанда, 267 су өткізу құбырының 245-і салынды, 19 мал өткелінің 12-сі дайын. Ал 47 көпірдің 43-інде құрылыс жүргізіліп жатыр.

Министрліктің мәлімдеуінше, дайындау және жеткізу мерзімін қысқарту мақсатында көпір арқалықтары тікелей құрылыс алаңында әзірленеді. Бұл ретте оларды сертификаттау және құрылыс нормалары мен қағидаларының талаптарына сәйкес сапасын бақылау жүзеге асырылады.

Жолдың жоғарғы құрылысын салуға қажетті материалдар отандық өндірушілерден сатып алынады. Рельстерді Ақтөбе рельс-арқалық зауыты жеткізеді. Шпалдар мен бекіткіштерді «RWS Binding», «Innotrack», «Fasteners 2metall (БЕНТ)» ЖШС-лері және «Магнетик» ЖШС қамтамасыз етеді.



Бағыттамалық бұрмаларды «Проммашкомплект» ЖШС жеткізеді. Аягөз станциясы ауданында құрылыс материалдарын қабылдау және бөлу жұмыстары ұйымдастырылған. Жобаны іске асыру Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және Қытаймен теміржол қатынасын кеңейту үшін стратегиялық маңызға ие.

Құрылыстың негізгі нәтижелерінің бірі Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелінің ашылуы болмақ. Жаңа бағыт қолданыстағы Достық және Алтынкөл өткізу пункттеріне түсетін жүктемені азайтуға, жүк ағындарын бөлудің тиімділігін арттыруға және тасымал көлемін ұлғайтуға қосымша мүмкіндік жасауға жол ашады.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажеттігін атап өткен еді.