Мемлекет басшысы Геннадий Головкинді Халықаралық бокс даңқы залына жазылуымен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде жазылуымен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың ресми Telegram-каналына сілтеме жасап.
Президент атап өткендей, бұл тарихи уақиға аты аңызға айналған отандасымыздың жаһандық спорттағы қолтаңбасы айрықша маңызға ие екенін айғақтайды. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы шынайы келбеті мен беделін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін көрсетеді.
Мемлекет басшысының пікірінше, Геннадий Головкин – еліміздің мақтанышы әрі халықаралық спорт қоғамдастығындағы елшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзіндегі ең үздік боксшылардың бірінен үлгі алған жас спортшыларымыз жігерленіп, биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдірді.