Қайта жаңартылған вокзалдар 1 шілдеге дейін алғашқы жолаушыларды қабылдауы тиіс - Бектенов

Бүгін, 13:11
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қайта жаңартылған вокзалдар 1 шілдеге дейін алғашқы жолаушыларды қабылдауы тиіс - Бектенов
Фото: Көлік министрлігі

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге нысандарды жаңғырту барысын әр апта сайын тікелей өздері бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет отырысында теміржол саласы мен инфрақұрылымды дамыту мәселесі қаралды.

«Маңызды мәселенің бірі – теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарын уақтылы аяқтау. Мұны әлеуметтік жоба деп айтуға болады, өйткені ол жолаушылар инфрақұрылымын жақсартуға, халыққа жайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Үкімет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданды. Әкімдер нысандарды жаңғырту барысын әр апта сайын тікелей өздері бақылап, бекітілген кесте мен жұмыс сапасын қамтамасыз етуі керек. Туындаған мәселелер бірден шешімін табуы тиіс. Мердігер ұйымдармен бірге нысандардағы жұмыс күші мен техникалық құралдарды көбейтуді қолға алыңыздар», - деді Премьер-министр.

Сондай-ақ Олжас Бектенов қайта жаңартылған 30 вокзал 1 шілдеге қарай алғашқы жолаушыларды қабылдауын қамтамасыз етуді, Астана, Алматы және Түркістанның тарихи вокзалдарындағы реставрациялау жұмыстарынан басқа, қалған вокзалдар бойынша жұмыстар 1 қазанға қарай аяқталуын тапсырды.

Еске салсақ, Олжас Бектенов теміржол инфрақұрылымын дамыту жаңа кезеңге шығуы тиіс екенін айтты.