Бектенов: Теміржол инфрақұрылымын дамыту жаңа кезеңге шығуы тиіс
Теміржол инфрақұрылымын дамыту экономика өсімін, жүк ағындарын және елдің транзиттік әлеуетін ескере отырып, озық қарқынмен жоспарлануы тиіс, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігіне, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясына келешегі зор инфрақұрылымдық барлық жоба бойынша қаржыландыру көздерін айқындай отырып, техникалық құжаттама әзірлеуді тапсырды.
«Біз қолда бар жобалармен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Ел экономикасының одан әрі өсуін қамтамасыз етіп, Еуразия кеңістігінде көлік-логистикалық хабқа айналу үшін теміржол инфрақұрылымын дамытудың келесі кезеңіне дайындалуымыз керек. Ұсынылып отырған саланы дамытудың үшжылдық жоспарын жалпы қолдаймыз. Көлік министрлігі, “Самұрық-Қазына»” қоры мен “Қазақстан темір жолы” барлық болашағы зор инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру көздерін айқындап, техникалық құжаттаманы әзірлеуге дереу кірісуге тиіс. Жүк айналымы мен транзиттік тасымалдардың болжамды өсуін және экономиканың ұзақмерзімді қажеттіліктерін негізге ала отырып, уақыттың талабына сай белсенді шешімдер қабылдау өте маңызды», - деп тапсырды Олжас Бектенов.
Сондай-ақ мемлекетаралық өткізу пункттері тораптарын кеңейту экспорттық және транзиттік бағыттағы жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Осыған байланысты Премьер-министр көршілес елдердің теміржол әкімшіліктерімен бірлескен шешімдер әзірлеу үшін тұрақты жұмыс жүргізуді тапсырды.
Еске салсақ, биыл күзде «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» теміржол бағыттары күзде ашылуы тиіс.