Астанада пара шахматтан әлем чемпионатының жүлдегерлерін қарсы алды

Астанада пара шахматтан әлем чемпионатының жүлдегерлерін қарсы алды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елорда әуежайында Испанияда өткен әлем чемпионатында алтын және күміс медаль жеңіп алған пара шахматшыларды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Испанияның Гуардамар қаласында өткен 25th IPCA World Individual Chess Championship 2026 әлем чемпионатында табысты өнер көрсеткен спортшыларды қарсы алу іс-шарасы ұйымдастырылды.

Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен астаналық пара шахматшылар тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде жоғары нәтиже көрсетіп, екі жүлдеге қол жеткізді.

Бақытжан Майкенов классикалық шахмат бойынша әлем чемпионы атанса, Айғаным Қамбарова рапид сайысында күміс медаль иеленді.

Әлем чемпионатына 15 елден келген 50-ге жуық үздік шахматшы қатысты. Қазақстандық спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.

«Бәсеке өте жоғары деңгейде өтті. Бақытжан Майкенов классикалық шахматта ерекше шеберлік танытып, әлем чемпионы атанды. Ал Айғаным Қамбарова рапидте сенімді ойын көрсетіп, күміс медаль жеңіп алды. Бұл – үлкен еңбектің және жүйелі дайындықтың нәтижесі», – деді аға жаттықтырушы Зинятқыз Нүсіпбаева.

Айғаным Қамбарова да өз нәтижесіне көңілі толатынын айтты.

«Әрине, бірінші орын алғанды қаладым. Дегенмен әлем чемпионатының күміс жүлдесі де – өте жақсы нәтиже. Барлық партия өте тартысты өтті, соңғы жүріске дейін күресуге тура келді», – деді спортшы.

Әлем чемпионы Бақытжан Майкенов жеңіске жету жолы оңай болмағанын жеткізді.

«Турнирдің алғашқы жартысы өте қиын өтті. Жеңілістер де болды, күрделі партиялар да кездесті. Бірақ соңына қарай бар күшімді жинап, жеңіске қол жеткіздім. Әлемдік аренада Қазақстанның намысын қорғау – үлкен мақтаныш», – деді ол.

Астаналық шахматшылардың табысты өнер көрсетуі қазақстандық пара шахматтың әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, еліміздің халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтты.