Әлібек Райпов: 1 шілдеден бастап Қазақстанда инновациялық экономикаға көшудің конституциялық тұғыры қалыптасады
2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ұлттық экономика параметрлерін орнықтылық, тиімділік және әртараптандыру тұрғысынан өзгерту үшін алғышарттар қалыптастырады. Мұндай пікірді Экономикалық зерттеулер институты Әлемдік экономиканы зерттеу орталығының директоры Әлібек Райпов бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Сарапшының пікірінше, экономикалық талдау тұрғысынан алғанда, Негізгі заңның жаңартылуының өзі де, онда бекітілген, шаруашылық жүргізуші субъектілердің мінез-құлқына, инвестициялық шешімдер мен ұзақмерзімді жоспарлауға әсер ететін институционалдық тетіктер де негізгі мәнге ие.
«Мемлекеттік басқару саласында Конституция «Қуатты Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет» моделін бекітеді. Экономика үшін бұл макроэкономикалық бағыттың болжамдылығын және ірі бизнес пен шетелдік капитал үшін тежеуші фактор болуы мүмкін саяси тәуекелдердің төмендеуін білдіреді. Бірпалаталы парламент (Құрылтай) салық, бюджет және инвестициялық саясатты реттейтін заңдардың жедел қабылдануын қамтамасыз етеді. Вице-президент лауазымының енгізілуі жүйеге сабақтастық тетігін қосады – индустрияландыру немесе цифрландыруды қоса алғанда, кез келген стратегиялық экономикалық жоба институционалдық үзілістер салдарынан тоқтап қалмайды. Заңнамалық бастама құқығы бар Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы бизнес-қоғамдастық, өңірлер және шешім қабылдау орталығы арасында қосымша кері байланысты қамтамасыз етеді: кәсіпкерлер мен салалық қауымдастықтар бизнесті жүргізуді жеңілдетуге немесе әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған бастамаларды ілгерілету үшін қосымша арнаға ие болады», – деп атап өтті Әлібек Райпов.
Ол жаңа Конституцияның негізгі экономикалық тиімділіктерінің бірі – «ережелер экономикасына» көшу болып табылатынына да тоқталды.
«Бұл көшу жекелеген преференциялар тәжірибесін барлығы үшін болжамды, ашық және тең институционалдық ортамен алмастыруды көздейді. Бизнес үшін, әсіресе шағын және орта бизнес үшін, салық мөлшерлемесінен гөрі ережелердің тұрақтылығы маңыздырақ. Жеке меншік пен инвесторлар құқықтарын конституциялық қорғау заңсыз араласуларға қарсы құқықтық тосқауыл болып табылады. Бұл Қазақстанның тікелей шетелдік инвестицияларды тарту үшін тартымдылығын арттыруға ықпал етеді және белгісіздік жағдайында қысқамерзімді құралдарға бағытталатын ішкі капитал жұмсалымдарын ынталандырады», – деді сарапшы.
Сондай-ақ ол бөлек тетік ретінде – Алатау сияқты «жеделдетілген даму қалалары» және Үкімет айқындайтын басқа да орталықтар үшін арнайы құқықтық режим әрекет ететініне баса назар аударды.
«Бұл аумақтар икемді реттеуге, ерекше салықтық және кедендік шарттарға, жеңілдетілген әкімшілік рәсімдерге ие болады. Аталған аумақтарда цифрлық агломерациялар, инновациялық кластерлер, технологиялық стартаптар қалыптасады. Тәжірибе көрсеткендей, шектеулі аумақта ресурстар мен ерекше ережелердің шоғырлануы кейіннен көршілес өңірлерге әсерін тигізетін өсу орталықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп есептейді Әлібек Райпов.
Институт басшысы жаңа Ата заңда адам капиталы маңызды экономикалық ресурс ретінде қарастырылатынын да тілге тиек етті.
«Жаңа Конституция адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы, ал білім, ғылым және инновацияларды – стратегиялық басымдықтар ретінде бекітеді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл бекіту аталған салаларды жүйелі қаржыландыруға көшуді көздейді. Жұмыс берушілер жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын білікті кадрларға мүдделі. 30 жасқа дейінгі жастардың білімге, мәдениетке және спортқа қолжетімділігінің конституциялық кепілдігі еңбек өнімділігі жоғары және әлеуметтік ұтқырлығы зор ұрпақтың қалыптасуына ықпал етеді. Бұл фактор еңбек өнімділігінің өсуі арқылы әлеуетті өнім шығару көлеміне әсер етеді», – дейді маман.
Сарапшының сөзінше, күшіне енетін Конституцияда сот жүйесі бүкіл экономиканы қамтитын келісімшарттық қатынастардың негізі болып табылады.
«Соттардың тәуелсіздігін нығайту, олардың қаржылық дербестігі, азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күшіне тыйым салу – аталған шаралар трансакциялық шығындарды азайтады. Даулар әділ және уақытылы қаралған жағдайда, кәсіпкерлер ұзақмерзімді келісімшарттарды жиірек жасасады, несиелер тартады, бірлескен кәсіпорындар құрады. Сот шешімдерін қайта қарауды арттыратын «жаппай кассация» жүйесі сот қателіктерінен қорғаудың қосымша деңгейін қамтамасыз етеді», – дейді институт директоры.
Әлібек Райпов атап өткендей, жаңа Ата заңға сәйкес өңірлердің өкілеттіктерін кеңейту және арнайы режимдерді жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтумен ұштастыру теңгерімді аумақтық даму үшін жағдай жасайды.
«Экономикалық тұрғыдан алғанда, өңірлердің салалық мамандануы бойынша (шикізаттық, агроөнеркәсіптік, транзиттік-логистикалық) саралануы бұл шараны маңызды етеді. Өңірлерге өз кірістерін пайдалануда және шешімдер қабылдауда үлкен еркіндік беру оларға экономикалық саясатты орталық органдармен міндетті түрде келіспей-ақ, жергілікті жағдайларға тезірек бейімдеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс орындарын құруды, жергілікті жерлерде шағын бизнесті және инфрақұрылымды дамытуды жеделдетеді.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция тек құқықтық нормалар жиынтығы ғана емес, сонымен бірге болжамдылықты қамтамасыз ету, құқықтарды қорғау, инвестициялық ынталандыру және адам капиталын дамыту арқылы ұзақмерзімді орнықты өсудің негізін қалыптастыратын жүйелі құрал болып табылады. Құжат тез арада әсер етуді көздемейді, бірақ экономиканың күйзеліссіз және үзіліссіз дамуына мүмкіндік беретін ережелерді белгілейді. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда бастама шаруашылық жүргізуші субъектілерге тиесілі, ал мемлекет белгіленген ережелердің сақталуының кепілі ретінде әрекет ететін әртараптандырылған, инновациялық және әлеуметтік бағдарланған экономикаға көшудің конституциялық қаңқасы қалыптасады», – деп сөзін түйіндеді Әлібек Райпов.
Дайындаған Әдемі Сайрамбаева