Қазақстанда 3,8 мың дәрі-дәрмектің бағасы төмендеді
Қазақстанда мемлекеттік баға реттеуіне жататын дәрілік заттардың басым бөлігінің шекті бағасы төмендеді. 2025 жылғы бағаларды қайта қарау нәтижесінде 3 801 сауда атауы бойынша баға орта есеппен 26,5%-ға азайған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылға бекітілген шекті бағаларды 2024 жылдың соңындағы қолданыстағы бағалармен салыстыру нәтижесінде 3 801 препараттың немесе жалпы санының 76%-ының бағасы төмендеген. Тағы 947 позиция бойынша баға өзгермеген, ал тізімге 246 жаңа позиция қосылған.
2026 жылы дәрілік заттарды көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін 2 055 препарат бойынша жаңа бағалар бекітілді. Олардың бағасы орта есеппен 16%-ға төмендеген. Бекітілген шекті бағалардың жартысында өзгеріс болмаған, ал 169 позиция тізімге жаңадан енгізілген.
Өзгерістер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында берілетін дәрілерге де қатысты. Осы бағыттағы 1 397 сауда атауының 47,8%-ының бағасы орта есеппен 22,45%-ға төмендеді.
Сонымен қатар ТМККК және МӘМС шеңберінде қолданылатын дәрілердің халықаралық патенттелмеген атаулары бойынша да шекті бағалар қайта қаралды. 453 позиция бойынша баға орта есеппен 25,3%-ға төмендеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, өзгерістер дәрі-дәрмек бағасын қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауға байланысты.
Жаңа әдістеме бойынша өндіруші мәлімдеген баға тиісті құжаттармен расталып, референттік елдердегі бағалармен салыстырылады. Бұл ретте ең төменгі үш бағаның орташа мәні ескеріледі.
Қазіргі таңда Қазақстанның референттік елдер тізіміне Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия және Өзбекстан кіреді.
Министрлік мәліметінше, жаңа тәсіл дәрілік заттардың шекті бағасын қалыптастырудың ашықтығы мен негізділігін арттыруға бағытталған.
Бұған дейін дәрі сатып аларда нені ескеру керектігі туралы жаздық.