Астанада футбол ардагерлері жас чемпиондармен бірге ағаш отырғызды

Астанада футбол ардагерлері жас чемпиондармен бірге ағаш отырғызды
Фото: Ернұр Сағымбек

Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында футбол ардагерлері, жас чемпиондар мен елордалық спортшылар Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион аумағына 20-дан астам ағаш отырғызды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ағаш отырғызуға Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасарлары Азамат Агзамов пен Бекзат Тамшыбай, Қазақстан футболының ардагерлері Владимир Глевич, Серік Асылбеков, Владимир Павлюк, Павел Демян, Амангелді Ашкенұлы, 2011, 2012 және 2013 жылы туған футболдан Қазақстан чемпиондары, олардың жаттықтырушылары және «Жеңіс» футбол клубының спортшылары қатысты.

Футбол ойыншыларының әр буын өкілдері бас қосып, стадион аумағына 20-дан астам ағаш отырғызды. Осылайша акцияға қатысушылар елорданы көгалдандыруға үлес қосып, экологиялық бастаманы қолдады.

Қазақстан футболының ардагері Амангелді Ашкенұлы мұндай шаралардың жас спортшылар үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.

«Бүгін футбол ардагерлері, қазіргі спортшылар мен жас буынның бір жерде бас қосқаны біз үшін өте маңызды. Біз де бұрындары футбол алаңына шығып, өз командаларымыздың намысын қорғадық. Бүгінде жанымызда жаңа чемпиондар өсіп келеді. Осындай кездесулер ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтады. Бүгін отырғызылған ағаштар ұзақ жылдар бойы осы жерде өседі. Сол ағаштармен бірге балаларымыз да өсіп, спортымыз дамып, қаламыз одан әрі көркейе берсе екен дейміз. Бұл – бәріміздің болашаққа қосқан ортақ үлесіміз», – деді Амангелді Ашкенұлы.

Ағаш отырғызуға спорт мектебінің 2011 және 2012 жылы туған 50 оқушысы – Қазақстан чемпиондары қатысты. Жас футболшыларға жаттықтырушы-оқытушылар Ернар Тілеуқұлов, Жамбыл Молдашбаев, Ербол Жайлаубеков және Владимир Коновалов жетекшілік етті.

Астана қаласы әкімдігінің «№8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі» КММ басшысы Еркебұлан Алдабергенов жас спортшылардың қоғамдық бастамаларға қатысуы маңызды екенін жеткізді.

«Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қазақстан футболының ардагерлері, елордалық спорт өкілдері, қазіргі спортшылар және жас тәрбиеленушілер бір жерге жиналды. Шараға 2011 және 2012 жылы туған Қазақстан чемпиондары атанған 50 жас футболшы мен олардың жаттықтырушылары қатысты.

Біз үшін балалардың тек футбол алаңында жақсы нәтиже көрсетуі ғана емес, қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласуы да маңызды. Бүгін барлығымыздың ортақ күшімізбен 20-дан астам ағаш отырғыздық. Біздің спортшылар «Таза Қазақстан» бастамасын және басқа да қоғамдық маңызы бар шараларды үнемі қолдайды. Осындай акциялар арқылы біз болашақ чемпиондарды ғана емес, үлкенді сыйлайтын, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайтын, туған қаласының тазалығы мен абаттандырылуына жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ тәрбиелейміз», – деді Еркебұлан Алдабергенов.

Экологиялық акция соңында қатысушылар қоршаған ортаны қорғау мен қаланы абаттандыруға әр азаматтың үлесі маңызды екенін атап өтті. Футбол ардагерлері мен жас спортшылардың бірлесіп ағаш отырғызуы спорттағы аға буын мен жас ұрпақтың сабақтастығын көрсетіп, қоғамдық бастамаларға белсенді қатысудың үлгісін қалыптастырды. Ал отырғызылған 20-дан астам көшет елорданың жасыл желегін толықтырып, «Таза Қазақстан» аясындағы игі істің нақты нәтижесіне айналды.