Шыңғысхан Қожахметов: Әкелер күні – әр азаматтың өзіне есеп беретін күн

Шыңғысхан Қожахметов: Әкелер күні – әр азаматтың өзіне есеп беретін күн
Фото: Шыңғысхан Қожахметов/Instagram

Әкелер күні – әкенің қоғамдағы және отбасындағы орнын айқындайтын маңызды мерекелердің бірі. Астана қаласы «Нұра» ауданы бойынша Әкелер кеңесінің төрағасы Шыңғысхан Қожахметов айтулы мерекенің маңызы өте жоғары екенін айтады. Өйткені бұл күн - асқар тауға теңелетін әрбір азаматтың өзіне есеп беретін, мақсатын айқындап алатын да кезі. Бұл тұрғыда спикер Elordainfo.kz тілшісіне өзі төрағалық ететін кеңестің қызметі жөнінде әңгімелеп берді.

- Шыңғысхан Шопанұлы, Әкелер кеңесі немен айналысады? Міндеттері қандай?

- Біздің негізгі жұмысымыз - мектеп жасындағы балалардың әкелерімен жұмыс. Кеңес қатарына әрбір әкелік парызы бар азаматтар кіре алады. Жас ерекшелігіне, мамандығына шектеу жоқ. Жұмыс күшіміз мектептердің тыныс-тіршілігіне бағытталады. Яғни, білім ордаларында болатын іс-шараларға белсенділікпен атсалысамыз, үлесімізді қосамыз.  Өз тарапымыздан түрлі кездесу ұйымдастырып,  мәдени-танымдық, зияткерлік және спорт іс-шараларын өткізуге мұрындық боламыз. Алдын ала жылдық жоспарымызды бекітіп аламыз. Бұл жерде санға емес, сапаға қызмет етуге тырысамыз. Жыл аяғында қорытынды жиналыстарымыз болады. Жалпы, күнделікті өмірде мектеппен тығыз байланыс орнатқанбыз. Жаңа айтып кеткендей, кеңестің құрамында мәдениет, спорт, медицина, кәсіпкерлік дейсіз бе түрлі саланың маманы бар.  Мақсатты шараларды жүзеге асыруда олардың әрқайсысы өзінің дәргейінде үлес қосып, көмегін көрсетіп отырады.

Сондай-ақ, Әкелер кеңесінің төрағалары жасөспірімдер бойынша комиссия мүшеліктерінде. «Нұра» ауданы ғана емес, Астана қаласы бойынша Ішкі істер департаментімен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Жылжымалы мониторинг, кешкі рейдтерді ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, қаладағы №72 мектепте де Әкелер кеңесінің жетекшілігін қоса атқарамын.

Жалпы, Әкелер одағының негізгі міндеті – әкелер рөлін күшейту, белсенділігін арттыру.

- Әр әкенің міндеті не?

- Ең негізгі міндеті - өз отбасындағы ұрпақ тәрбиесіне, біліміне күш салу ғой. Мысалы, мен өзіме балаларымды дұрыс тәрбиелеп, ортаға дұрыс азаматты қосу міндетін жүктедім. Сабағын қадағалау, үй шаруашылығына бейімдеуден бөлек, баламның аулада, мектепте кімдермен дос болатынына дейін назар аударып отырамын. Баламен жиі сұхбаттасып отыру керек. Бұрын біздің сырласымыз кітап болса, қазір алуан ақпарат көздері қолжетімді. Тіпті, ЖИ арқасында виртуалды әкемен сұхбат ұйымдастыруға болады. Бірақ, әрине, мұның бәрі әке мен баланың жанды қарым-қатынасының орнын баса алмайды.

Жалпы, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі орасан зор. Балаға психологиялық және физикалық тұрғыда қолдау білдіріп, шыңдайтын әке. Ол ұлды ермінезділікке баулыса, қызға мейірімін төгеді. Жұбайлардың арасындағы түсіністік те әкенің отбасындағы рөлін айқындайды.

- Сонымен, сіздіңше, қазіргі қоғамдағы үлгілі әкенің портреті...

 - Мықты әке деп өз жауапкершілігін мойнымен көтеруге дайын, отбасы қажетілігін өтей алатын, жарына қамқор, ұл-қызына дұрыс тәрбие беретін үлгілі азаматты айтуға болатын болатын шығар. Иә, қазір жұмысбасты әкелер бала тәрбиесіне немқұрайлылық танытатыны өкінішті. Жұмыс-жұмыс деп жүріп, ертең-ақ ұл-қызының қалай тез өсіп кеткенін байқамай қалады. Бұл тұста кейін «не ексең, соны оратыныңды» ұмытпау керек.

Жақсы әке болудың жолын нұсқайтын қандай насихат жұмыстары жүріп жатыр? Әкелердің жауапкершілігі күшейсе, қоғамда қандай жағымды өзгеріс болады деп ойлайсыз?

- Қазір бұл бағытта өте көп насихат жұмыстары жүргізіледі. Алдыңғы жылдары әкенің қоғамдағы рөлі мәселесі бір мектептің деңгейінде қозғалатын болса, енді әкімдік, министрлік, президент әкімшілігі деңгейінде де көтеріліп жүр.  Көптеген лауазымды тұлғалар - әкелер. Сондықтан олар да Әкелер кеңесінің дұрыс жұмыс жүргізуіне, дамуына мүдделі.

Ал ер-азаматтар өз жауапкершілігін алып, осы жолда сынақтардан сынбай өтіп, отбасын ынтымағын сақтауға, құндылықтарын қадірлеуге еңбек ететін болса, біздің қоғамда ажырасу, жалғызбасты аналардың көбеюі, балаларға дұрыс тәрбие бермеудің азаюына, тіпті, мүлдем болмауына қол жеткізер едік.

- Сұхбатыңызға рахмет!