Елордада орталық кітапхана түнгі 23:00-ге шейін жұмыс істейді - Гүлбадан Мәдібаева
23 сәуір - Ұлттық кітап күні. Биылдан бастап бұл күні кітапханашылар да кәсіби мерекесін атап өтетін болды. Мерекелердің тоғысқан күні Elordainfo.kz тілшісі Астана қаласы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің» басшысы Гүлбадан Мәдібаевамен сұхбаттасып, кітап оқу үрдісі және оны ұлт қасиетіне қалай айналдыру керек деген сауалдарға жауап іздеп көрді.
- Гүлбадан ханым, соңғы кезде елордадағы кітап оқу үрдісі қандай деңгейде деп ойлайсыз? Жалпы, көпшіліктің кітап оқуға деген құлшынысын арттыру үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?
- Астана зиялы қауым мен жастар шоғырланған қала ғой. Жастар мәдени трендтерден үлгі алады, еліктейді. Әлеуметтік желі бар. Осының бәрі елордада кітап оқу қарқынының өсіп келе жатқандығына себеп деп ойлаймын. Кітапханалар тарапынан да оқырман тарту, қызықтыру мақсатында үздіксіз жұмыс жүргізіліп жатыр. Бір жылда 5 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырамыз. Кітап фестивальдары, кітап көрмелері, авторлармен кездесу, кітап тұсаукесерлері, жастар үшін коворкинг орталықтары, түрлі конкурс пен сайыстар - бұның бәрі кітапхана мен оқырман арасындағы көпірлер.
Аталған бағыттағы үлкен өзгеріс, елеулі жетістігіміз – бірнеше жылдың ішінде ғана Астана қаласы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» 18 кітапханадан 25 кітапханаға толыққаны. Оның ішінде 15-і көпшілік кітапхана болса, 9-ы балалар кітапханасы, 1-уі көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана.
90 951 оқырманымыз бар. Оның ішінде 15 жасқа дейін 32 310, 15 жастан 21 жасқа дейін 18 203, ал 21 жастан жоғары 40 438 кітапсүйер елордалық тіркелген. Қала халқы кітап оқуға ден қоюы үшін, тіпті, №7, №8 емханалардан да «Рахаттанып оқиық» деген стеллаж аштық. Мұндай кітап сөрелері Көкталдағы Қарттар үйінде де бар. Ондағы кітаптар мен журналдарды ауыстырып тұрамыз, оқырман қалауынша кітапты алып кетіп оқуына да болады.
- Кітапхана оқырмандарының дені кімдер? Арасынан ерекше көзге түскен кітапқұмар елордалықтардан кімдерді атап айтар едіңіз...
- Соңғы кездегі қызық тенденция - балалар кітапханаларына ата-аналар көп келеді. Арбадағы бөпесін де сүйретіп келетін оқырмандар баршылық.
Ал жастарды тегін Wi-Fi қосылған, барлық жағдай жасалған, жайлы атмосфераға қызықтырады.
Кітапсүйер оқырмандарымыздың ішінде Абылайхан даңғылы 4/1 мекенжайындағы кітапханада 15-20 жылдан бері тіркеліп тұрған тұрақты оқырмандарымыз, зейнеткерлер Айгүл Әжікенова, Ғизат Қарымсақовтарды атап кетсек дейміз. Олар осы кітапханадағы кітап қорының көбін оқып бітірді десек артық айтқандық болмас.
Ал ең бір ерекше оқырмандарымыз деп Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасының жазылушылары - Омархандар отбасын айтуға болады. Кезінде ата-анасы жетектеп әкеліп кітапханаға жаздырған олар қазір өз бауырларын жетектеп келіп жүр. Ерке - биыл 10-сынып оқушысы. Формулярын қарасақ, 2022 жылдан бері 300-ге жуық кітап оқыпты, 2025 жылы 82 кітап оқып, кітапханамыздың үздік жас оқырманы атанды. Жыл сайын кітап оқу жылдамдығы да, талғамы да қарқынды даму үстінде. Ағылшыншасы судай, кітапханаға келген шетелдіктерге талай аудармашы болған. Кітапты оқып қана қоймай, керегін алып, бойына тоқи білгені өз-өзін ұстауынан, мейірім, кішіпейілділіген көрініп тұрады. Бауырлары Айнұр, Нұрқанат, Абдрахман, туыс сіңілілері Фәтима, Дания, Хадишалар - кітапханадағы қазақша кітаптардың барлығын дерлік қайталап оқып, жаңа кітаптарды тағатсыздана күтетіндер қатарынан. Ең қызықты да маңыздысы, бұлардың әрқайсысы - Абай оқуларының жеңімпаздары. Кітапханадағы Абай күнінде ауылдағы туысқан бауырларын да арнайы ертіп әкеліп, 80-100 өлеңін жатқа оқығанда таңғаласың. Басқа да ақындардың өлеңдерін оқып, жаттап алады, және барлығы дерлік танымдық кітаптарға құмар. Міне, осындай оқырманы бар елдің болашағынан қалай үміттенбейсің!

- Бәрекелді! Ал көпшілік оқырмандардың сұранысына ие кітаптар қандай? Кітап қоры жеткілікті ме?
- Жалпы кітап қорымызда 761 299 баспа өнімі бар. Кітапхана қоры көркем әдебиет (проза, поэзия, драматургия), балалар әдебиеті, ғылыми-көпшілік әдебиет, оқу-әдістемелік және анықтамалық басылымдар, сондай-ақ салалық (тарих, мәдениет, өнер, тіл білімі және т.б.) әдебиеттермен толықтырылып отырады. Қазіргі таңда заманауи көркем әдебиетке, шетелдік және отандық бестселлерлерге сұраныс жоғары. Қазақ тарихы туралы ғылыми кітаптарға, сонымен қатар жастар арасында фэнтези, детектив, роман жанрларындағы кітаптарға қызығушылық басым.
Соңғы жылдары психология, өзін-өзі дамыту, бизнес және мотивациялық бағыттағы нон-фикшн әдебиеттеріне деген сұраныс артып отыр. Бұдан бөлек, оқырмандар балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиеттер, сондай-ақ сапалы басылымдағы классикалық шығармаларды да жиі іздейді. Қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауды көздейтін жаңа жоба аясында таңдалған «100 кітап» бойынша белсенді ақпараттар жүріп жатыр ғой, соған орай сұраныс та бар. Абайдан бастап, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты классиктердің шығармалары оқылып жатыр.
Дегенмен кітапханалар қорында заманауи басылымдар мен бірқатар әдебиеттерге деген тапшылық жоқ емес. Бірақ бұл олқылықтардың орнын жыл сайын толтырып келеміз, сол бағыттағы іс тоқталмайды.

- Кітапхана мен оқырманды сөз еткенде, әсте кітапханашы туралы айтпай кетуге болмайды. Мамандардың кітапсүйерлер санын көбейтудегі рөлі қандай?
- Кітапхананың ішкі аурасы, оқырманның өзін жайлы сезінуі кітапханашыға да байланысты. Қазір өмір жанталас, бәрі онлайн, адамдарға сөйлесу, эмоция жетіспей жатады. Кітапханашы осы тұрғыда, тіпті, психологтың қызметін атқарып кетеді. Кітапханашының оқырманның сұрағанын берумен шектелмей, оқырманмен интеллектуалды достық байланыс орната білуі маңызды. Келушіге көңіл бөліп, тыңдап, қамқорлық көрсетуі керек. Тым құрығанда оқырманды кітапханаға осы кітапханашының жылы қабағы тартуы мүмкін. Ал біз әр оқырманның кітапханаға қайта келуіне мүдделіміз. Сондықтан да тек жұмыс деп қана қарап, қатқыл қабақ таныту жарамайды. Қазіргі кітапханашылар медиа-менеджерлік, SMM, цифрлық технологияларды меңгере түсуі керек. Креативті, өз ойы бар, әлеуметтік желіде белсенді кітапханашы қашанда бағалы болмақ.
- Жалпы, сіздің ойыңызша, кітап оқитын ұлт болуымыз үшін не істеуіміз керек?
- Заман дамыған сайын, ЖИ күнделікті өмірімізге енген кезеңде адамның ақыл-ойы, ойлау жүйесі де кенжелеп қалмауы керек. Өйткені бізді ЖИ-ден ерекшелейтін де сол – логикамыз ғой. Ал адамның миы үнемі қозғалыста болғанда дамитыны анық. Бұған қай кезде де кітаптың қосар үлесі зор. Кітап оқу - ұлтты, ұрпақты алға сүйрейтін ең қажетті құрал.
Біз осыны қоғамға түсіндіру жолында жұмыс істейміз. Халықтың тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруды, сыни тұрғыда ойлауды, талдауды дамытсақ дейміз. Барлық әлеуметтік топқа, жасқа да , кәріге де кітаптың білім көзі екенін ұқтыра түссек деген ниеттеміз. Бұл үшін кітапханалар тарапынан барлық жұмыс қолға алынған. Ерте жастан оқуға дағдыландыру, балабақша- мектептермен, оқу орындарымен байланыс, оқу клубтары, әдеби кештер, ақын-жазушылармен кездесу, интерактивті форматтар, трендтерден де қалыс қалып жатқан жоқпыз. Жайлы, жарық кітапхана… Оқимын деген адамға барлық жағдай жасалған. Қазір еліміздегі кітапханалар болсын, мәдени орталықтар болсын, хабтар болсын, барлығының ортақ миссиясы - оқырманды кітапқа жақындату, оқуға ынтасын ояту. Мысалы, Алматыда 24/7 жүйесінде жұмыс істейтін кітапханалар барын білесіздер. Елордамызда да осыған ұқсас ауа райына орайластырылып, түнгі 23.00-ге дейін жұмыс істейтін кітапханамыз бар. Абылайхан даңғылында орналасқан М.Әуезов атындағы орталық кітапхана биыл 1 наурыздан бастап осы жүйеге көшіп, уақытпен санаспай ізденемін деген астаналық оқырмандарды қабылдауда. Міне, осының барлығы да - халқымыз кітап оқитын ұлт болсын деген тілекпен жасалып жатқан істер. Бастысы, жастар кітап оқуды сәнге айналдырып келеді. Әлбетте бәрі бірден бола қоймас. Бірақ бүгінмізге зер салсақ, болашақтан күтеріміз көп.
- Сұхбатыңызға үлкен рахмет!