Археологтар Маңғыстаудағы ежелгі қалашықтан Еуразия өңірлерінен жеткізілген жәдігерлерді тапты

Археологтар Маңғыстаудағы ежелгі қалашықтан Еуразия өңірлерінен жеткізілген жәдігерлерді тапты
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Каспий теңізі жағалауындағы Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында орналасқан бірегей археологиялық ескерткіш – Қарақабақ қалашығында кешенді ғылыми зерттеулер жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Көпжылдық археологиялық қазба жұмысының нәтижесі қазіргі Қазақстан аумағының ежелгі халықаралық сауда байланыстары жүйесіндегі рөліне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беріп отыр.

Біздің заманымыздың I-VI ғасырларына жататын Қарақабақ қалашығы 2006 жылы Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы жүзеге асырған Маңғыстау облысының тарихи-мәдени ескерткіштер жинағын әзірлеу жобасы аясында анықталды.

2022 жылдан бастап Қарақабақ қалашығын зерттеу және зерттеу жұмысын қаржыландыруды Ә.Марғұлан атындағы Археология институты жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде аталған ескерткіш бойынша 24 ғылыми еңбек жарық көрді. Оның ішінде Археология институтының жобасы аясында үш монография мен Scopus дерекқорында индекстелетін тоғыз ғылыми мақала жарияланған.

Ғалымдар мен археологтар Қарақабақ қалашығына барып, далалық зерттеу жұмысымен танысты. Іссапар барысында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеудің нәтижесі, ескерткішті одан әрі зерделеу перспективасы және оны өңірдің туристік бағытына енгізу жайы талқыланды.

Археологтардың мәліметінше, Қарақабақ бірнеше ғасыр бойы өмір сүрген ірі өндірістік-қолөнер және сауда орталығы болған. Мұнда металлургия, зергерлік өнер, шыны өндірісі және қыш бұйым жасау жоғары деңгейде дамыған. Қалашық аумағынан жергілікті жерде өндірілген көптеген бұйымдармен қатар Еуразияның түрлі өңірінен жеткізілген импорттық материалдар да табылған.

«Ғылыми тұрғыдан ерекше қызығушылық тудыратын олжаның бірі – біздің заманымыздың I ғасырынан VI ғасырдың бірінші жартысына дейінгі кезеңге жататын 150-ден астам тиыннан тұратын коллекция. Олардың қатарында Парфияның, Ежелгі Хорезмнің, Бұқара Соғдысының, Сасанидтік Иранның, Кушан-Сасанид мемлекетінің, Византия империясының және Қытайдың теңгелері бар. Бұл олжалар Қарақабақтың өз дәуіріндегі халықаралық сауда-экономикалық байланыстарға белсенді қатысқанын дәлелдейді», - деді археолог Андрей Астафьев.

 

Археологиялық материалдардың жиынтығы Қарақабақты ауқымды өңіраралық айырбас үдерістеріне тығыз байланысты болған ежелгі дәуірдің маңызды сауда-көлік торабы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Зерттеушілердің пікірінше, Маңғыстау арқылы Орталық Азияны, Каспий маңы өңірін және Шығыс Еуропаны байланыстырған Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен болуы мүмкін.

«Қарақабақ Маңғыстау тарихы мен Қазақстанның ежелгі халықаралық коммуникациялар жүйесіндегі орнын жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Археологиялық олжалар бұл өңірдің ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты жалғаған сауда жолдарының маңызды буыны болғанын дәлелдейді. Ескерткішті одан әрі зерттеу Ұлы Жібек жолының дамуы туралы жаңа мәліметтер алуға және қазіргі Қазақстан аумағында жүрген тарихи үдерістерді ғылыми тұрғыдан тереңірек түсінуге жол ашады», - деді археолог Андрей Астафьев.

Жуырда Қарақабақ қалашығы аумағынан құнды тарихи жәдігер – көне құмыра табылды.