Киберқылмыстың ашылуы 29%-ға өсті - Бас прокуратура

Бүгін, 11:02
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Киберқылмыстың ашылуы 29%-ға өсті - Бас прокуратура
фото: Оңалхан Өнерхан

Бас прокуратурада интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Оған Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті мен Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылары қатысты.

Жұмыс қорытындылары шығарылып, жедел-тергеу қызметінің тиімділігін арттыру шаралары талқыланды.

Ағымдағы жылдың 2 айында интернет-алаяқтық саны 8,3%-ға төмендегені байқалады (4 385-тен 4 023-ке дейін).

Қылмыстық жауаптылыққа 913 құқықбұзушы тартылды.

Кибералаяқтықтарды ашу көрсеткіші 29%-ға өсті (36,5%-дан 66%-ға дейін), келтірілген залалды өтеу деңгейі 57%-ды құрады (3,4 млрд теңгенің 1,9 млрд теңгесі өтелді).

Дропперлік схемаларды анықтау бойынша белсенді жұмыс жалғасуда.

Дропперлік үшін жауапкершілік енгізілген сәттен бастап Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша 400-ден астам іс тіркеліп, оның 66-сы сотқа жолданды.

Сонымен қатар, алаяқтар пайдаланатын SIM-карталар мен WhatsApp аккаунттарын белсендірушілердің қызметі тоқтатылуда.

Мәселен, ағымдағы жылдың ақпан айында Батыс Қазақстан облысында алаяқтарға көмектескен тұлға 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ол өз атына мыңнан астам SIM-картаны рәсімдеп, оларды қылмыстық мақсатта пайдалану үшін алаяқтарға берген.

Сондай-ақ «сұр провайдерлерге» ерекше назар аударылуда, олар алаяқтарды виртуалды байланыспен қамтамасыз етеді.

Мысалы, осы жылдың қаңтар айында Қостанай облысында жалған байланыс операторының технигі шетелдік алаяқтық колл-орталықтарға IP-телефония қызметін көрсеткені үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жалпы, бүгінгі таңда жұмыстың негізгі қағидаты – тек орындаушылар мен ұйымдастырушыларға ғана емес, сонымен қатар киберорта мен қылмыс жасауға жағдай жасайтын факторларға да ықпал ету болып табылады.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте алаяқтар iPhone 17-ні 45 мыңға сатқаны туралы жаздық.