Астана мен өңірлерде автомектептерге қатысты жемқорлық фактілері анықталды
Жыл басынан бері Астана қаласында, сондай-ақ Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін беру барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, заңсыз сыйақы алу және қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану деректері тіркелген.
Астанада Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының бұрынғы орынбасары әшкереленді. Ол жүйелі түрде пара алып, азаматтарға жүргізуші куәлігін алу және емтихан тапсыру үдерісінде заңсыз көмек көрсеткен.
«Тергеу барысында жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын 60-тан астам құқықбұзушылық фактісі құжатталды» - делінеді ҰҚК хабарламасында.

Сонымен қатар, Көкшетау қаласындағы Мамандандырылған ХҚКО мен Екібастұздағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалдарының басшыларының заңсыз әрекеттері тоқтатылды. Олар емтихан тапсыруды жалған тұлғалар арқылы ұйымдастырып, бұл қызметтері үшін ақша алған.



Бұдан бөлек, Астана, Шымкент және Тараз қалаларында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдарында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды жою кезінде лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін теріс пайдаланып, заңсыз табыс тапқаны анықталды.
Қазіргі таңда аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салайық, елімізде киберқылмыстың ашылуы 29%-ға өсті.