Әлемнің үздік ЖОО филиалдары білім саласындағы бәсекені арттыруға ықпал етуі керек  - Мемлекет басшысы

Әлемнің үздік ЖОО филиалдары білім саласындағы бәсекені арттыруға ықпал етуі керек  - Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесуде айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын елімізде әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде нақты тапсырма бергенін еске салды.

– Бұл Қазақстанға өте қажет. Осы бастама, ең алдымен, жастардың өз жерімізде сапалы білім алуына жол ашады. Біз сол арқылы еліміздің жоғары білім жүйесіне халықаралық бағдарламалар мен озық стандарттарды енгізе аламыз. Жалпы, осы уақыт ішінде ауқымды шаруа атқарылды, 33 университеттің филиалы ашылды. Оның ішінде Мәскеу инженерлік физика институты, Аризона университеті, Сорбонна, Лотарингия университеті, Кардифф университеті, Де Монтфорт университеті, Бейжің тіл және мәдениет университеті сияқты беделді жоғары оқу орындары, сондай-ақ Лу Бань шеберханасы бар. Бірақ бұл жұмыс әлемнің үздік университеттерімен серіктестік орнатумен аяқталмауы керек. Бізге есеп үшін ашылған, ұлттық ғылымды дамытуға қауқарсыз филиалдардың қажеті жоқ. Басты назар санда емес, сапада болуға тиіс. Қазақстанда жұмыс істейтін әр филиал жоғары білім саласындағы бәсекені арттыруға ықпал етуі керек. Осы мәселені мұқият зерделеу маңызды. Қазір еліміздегі шетел жоғары оқу орындарының филиалдарында білім алып жатқан студенттердің дені – мемлекеттік грант иелері. Елімізде жергілікті жоғары оқу орны мен шетелдік университеттерге берілетін мемлекеттік оқу гранттарының ақысында үлкен айырмашылық бар. Үкіметтің мәліметі бойынша, бір студентті оқыту үшін шетелдік филиалға бөлінетін мемлекеттік грант көлемі ұлттық мәртебесі бар университеттерге бөлінетін грант көлемінен бес есе артық. Мұндай жағдайда бәсекелестік туралы сөз айтудың өзі орынсыз болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет шетелдік жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік грант құнын қайта пысықтап, тиісті талдау жүргізгені жөн болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіптік, ғылыми, инженерлік-техникалық мамандарды сапалы даярлауға күш салудың маңызына тоқталды.

– Өздеріңізге мәлім, биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияладым. Яғни Қазақстанды ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамытып, техника мен өндірістік процестерді арттыру үшін шара қабылдауымыз керек. Менің ойымша, бізде заңгерлер, филологтар мен дипломаттар, яғни, гуманитарлық сала мамандары өте көп. Ұлттың менталитетін өзгертуіміз керек. Ал ол қалай өзгереді? Ол үшін ғылым мен технологияға мойын бұруымыз қажет. Бұл біздің қолымыздан келмей ме? Қазақстанда тура мағынасында сана революциясын жасауымыз керек деп ойлаймын. Осы орайда университеттердің ерекше миссиясын атап өткім келеді. Олар білімді, парасатты, елдің келешегі үшін жауапкершілік арқалай алатын азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеп шығаруда айрықша рөл атқарады. Мемлекеттің зияткер қауымы университет қабырғасында қалыптасады. Білім беру саласын әлеуметтік қызмет ретінде қабылдау дұрыс емес. Қазіргі құбылмалы әлемде білім маңызды өндірістік күшке айналды. Жастарымыздың ғылымға, инновациялық кәсіпкерлікке, озық цифрлық дағдыларды меңгеруге қызығушылық танытатыны қуантады. Мемлекеттің міндеті – жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету, олардың заманауи ғылыми базада жұмыс істеуіне, дүние жүзімен академиялық байланыс орнатуына жағдай жасау. Көп ұзамай Жасанды интеллект университеті ашылады. Мұны маңызды уақиғалардың бірі деп айтуға болады. Оқу орны алғашқы студенттері мен магистранттарын биыл қабылдауды жоспарлап отыр. Іргелі ғылымсыз жасанды интеллектіні дамыту мүмкін емес екенін түсінген жөн. Алгоритмдер мен күрделі инженерлік өнімдер, ең алдымен, дамыған ғылыми және университеттік ортада пайда болады. Сол себепті осы бағытқа айрықша көңіл бөлеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, ғылым қалашықтары мен қарқынды дамитын қалалар инвестиция және жаңа технологияларды тарту орталығына айналуға тиіс.

– Осы міндетті іске асыру үшін тиісті тұжырымдама қабылданды. Бұл концепцияға сәйкес мықты ғылыми- технологиялық парктер құру жоспарланып отыр. Менің тапсырмам бойынша Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру жұмысы басталып кетті. Парламент осындай қалашықтардың құқықтық мәртебесін және қаржыландыру тетіктерін айқындайтын заң жобасын қарап жатыр. Ғылымды арқау еткен аумақтар құру – біздің стратегиялық басымдыққа ие мақсатымыз. Жаңа Конституцияда қарқынды дамитын қалалар үшін арнайы құқықтық режим бекітілді. Сондықтан Alatau City жоғары технологиялар саласындағы инвесторлар үшін тартымды жобаға айналады деп сенеміз. Жалпы, мемлекет өңірлерде ғылым мен инновацияны дамытуға ерекше назар аударып отыр. Соған сәйкес әкімдерге ғылыми-технологиялық саясатты жүргізу құзыреті берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, еліміздің ғылыми-академиялық қоғамдастығына үндеу жасады.

– Қазақстанның ертеңі қандай болатыны, инновациялық және озық елге айналу мүмкіндігі Сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жасаған еңбектеріңіз бен ашқан ғылыми жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Күш-жігер біріктіріп, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми, технологиялық орталықтардың біріне айналдыра аламыз. Мен бұған сенімдімін, – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдар жаңа Конституцияның мән-мазмұнын жұртшылыққа терең түсіндіруге айтарлықтай үлес қосқанына назар аударып, ғылым елдікті нығайтудың маңызды құралы екенін айтты.