Қазақстан ғалымдары күнделікті тағамдардың нақты порциясын есептеп шықты
Nazarbayev University зерттеушілері Орталық Азияға арналған алғашқы цифрлық тағам атласын ізңрледі. Басылым өңір халқының тамақтану рационы мен порция көлемін дәлірек бағалауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz. университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атласты NU жанындағы Орталық Азия тағам инновациялары зертханасы дайындады. Ол өңір тұрғындарының нақты не және қандай көлемде тағам тұтынуы жөніндегі сенімді деректердің тапшылығын шешуге бағытталған. Зерттеушілердің айтуынша, порцияны бағалаудағы аз ғана ауытқу калория мен қорек затты есептеуде елеулі қателікке әкеледі.
Бұған дейін мамандар көбіне Батыс немесе Шығыс Азияға тән дерекқорларға сүйеніп келген, бұл талдау дәлдігін төмендеткен. Ал Орталық Азияның тағам мәдениеті өзіндік ерекшелікке ие, онда қызыл ет, ұн және сүт өнімдері басым.
Жаңа атлас стандартталған тәсілге негізделіп, бұрын әзірленген екі дерек жиынтығын біріктіреді: Central Asian Food Dataset және Central Asian Food Scenes Dataset. Атлас 115 тағам түрін - табақ ет, палау, манты сияқты дәстүрлі ас түрінен бастап пицца, жарма өнімдері мен балмұздақ секілді күнделікті тағамдарға дейін қамтиды. Әрбір өнім зертханалық жағдайда нақты өлшенген порциямен берілген. Бұл деректерді тамақтануды бағалауда эталон ретінде қолдануға мүмкіндік береді.
«Бұл жай ғана көрнекі анықтамалық емес. Атлас халықаралық стандарттарға сай және Орталық Азия зерттеушілеріне жаһандық деңгейде салыстырмалы деректер қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді NU Медицина мектебінің ассистент-профессоры доктор Мэй Йен Чан.
Авторлардың айтуынша, өңір тағамдарының құрамы мен дайындалу тәсілі әртүрлі болғандықтан, май, сорпа, тығыздық сияқты «жасырын» факторлар нақты есептеуді күрделендіре түседі. Теория бойынша калория мөлшері ингредиенттердің энергиясымен анықталады (мысалы: ақуыз бен көмірсуда — 4 ккал/г, майда — 9 ккал/г), алайда әр компонентті жеке өлшеу өмірде қиын. Сондықтан визуалды атластар порция салмағын шамалап бағалауға мүмкіндік береді, бірақ белгілі бір қателік сақталады.
Атлас ең алдымен порцияларды стандарттау мәселесін шешеді – бұл болмаса, нақты диеталық зерттеулер мен цифрлық нутрициологияның дамуы мүмкін емес.
Зерттеу нәтижелері Nutrients, IEEE Access және Scientific Reports сияқты халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған және қолжетімді. Қазір зерттеу тобы жобаны кеңейту жұмысын жалғастырады. Бұл нәтижелер нақты практикалық шешімдерге айналдыру үшін қосымша қаржыландыру көзін іздестіріп жатыр.

Еске сала кетсек, елімізде жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеудің жаңа технологиясы әзірленді.